Түпқараған аудандық сотында бекіре тұқымдас балығын заңсыз тасымалдаған Б-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Ол Қазақстан Республикасы ҚК-нің 339-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен кінәлі деп танылып, 4 жылға бас бостандығынан айырылды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аталған іс Маңғыстау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында прокурордың өтінішхатымен, қорғаушының апелляциялық шағымымен қаралған. Апелляциялық сот алқасының қаулысымен сотталушы Б.-ға қатысты үкім өзгертіліп, қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемелерінде жазасын өтеу белгіленді. Үкімнің басқа бөлігі өзгеріссіз қалдырылды.
Еске салайық, оқиға былтыр 20 қараша күні сағат 11:00 шамасында болған. Б. есімді азамат «Каспий» теңізі жағалауынан салмағы 413 келі, 100 грамм (134 дана) пайдалануға тыйым салынған бекіре тұқымдас балығын тауып алған. Содан соң автокөлігіне салып, заңсыз сақтап, тасымалдап бара жатқан кезде полиция қызметкерлеріне ұсталған болатын.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА