Облыс әкімі Серікбай Трұмов өңір халқымен есептік кездесуінде мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында нәтижелі жүзеге асқан бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаларды атап өтті. Биыл Маңғыстау облысында республикалық маңызы бар бірнеше автожол қайта жаңартылып, пайдалануға беріледі.
Әкімнің айтуынша, қазіргі таңда жалпы ұзындығы 158 шақырымды құрайтын республикалық маңыздағы автокөлік жолдарын қайта жаңарту жұмыстары өз мерзіміне сәйкес аяқталып келеді. Атап айтсақ, 85 шақырымдық «Бейнеу-Ақжігіт-Өзбекстан шекарасы» трассасы мен «Жетібай-Жаңаөзен» бағытындағы 73 шақырым жол жаңаша келбетке енді. Жаңарту жұмыстары биыл аяқталады.
- Бұдан басқа, ұзындығы 126 шақырымнан астам «Жыңғылды - Шайыр - Шерқала жері» бағытындағы асфальт жолдың және екінші кезеңді қалпына келтіру жұмыстары басталған «Атажолы» автомобиль жолын қайта жаңарту қарқынды жүргізілуде», деді аймақ басшысы.
Айта кетсек, Маңғыстау облысындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 2 977 шақырымды құрайды. Оның 1 049 шақырымы республикалық маңызы бар 1028,7 шақырымы облыстық, қалған 900 шақырымдай жолдың аудандық маңызы бар.
Былтыр 150 шақырымды құрайтын 4 жоба аяқталған, олар: «Құрық – порт Құрық» (22 км, 8,2 млрд теңге) автожолын реконструкциялау және «Шетпе – Ұштаған» (54 км, 946 млн теңге), «Ақтау – Форт – Шевченко – Қаламқас кен орны» (88-154 км, 668 млн теңге), «Онды ауылына кіреберіс» (8 км, 138 млн тенге) жолдарын орташа жөндеу. Осы жылы 275,4 шақырымды қамтитын 8 автомобиль жолдарының реконструкциясы мен жөндеу жұмыстарын аяқтау жоспарланған.
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН