©
Приморский ауылы маңындағы теңіз жағалауы қызыл түске боялып, тұрғындардың назарын аудартты. Каспий теңізінің қызаруына байланысты Маңғыстау облысының экология департаменті түсініктеме берді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Облыстық экология департаменті зертханалық-талдамалы бақылау бөлімі басшысының міндетін атқарушы Раушан Төлепова теңіздің қызыл түске енуін жылда болатын табиғи құбылыс деп түсіндірді. Айтуынша, Каспий теңізінде балдырдың көптеген түрі кездеседі. Әсіресе лаеренсия мен полисифонияның түрі көп. Аталған балдырлардың түсі – қызыл немесе қоңыр. Олар теңіздің түбінде емес, жағалауында өседі. Сондықтан жиекке шыққан балдылар теңіз суын қызыл түске бояған.
«Каспийдің қызаруы соңғы рет 2018 жылы болған еді. Бұл – жыл сайын қайталанатын табиғи құбылыс, сондықтан теңіз жануарларына еш зиянын тигізбейді. Қаңтар айының соңында теңіз суына мониторинг жүргізген болатынбыз. Сол уақытта балдырлардың қызарып, су бетіне шыға бастағанын байқаған едік. Енді теңіз толқындары арқылы жағалауға дейін келіпті», - деді Раушан Төлепова
Айта кетейік, осыған ұқсас жағдай Caspian Riviera қонақүйінің лагунасынан байқалған. Сондай-ақ 2018 жылы 1-шағынауданның жағалауында, «Шағала» қонақүйінен «Нұр плаза» жағажайына дейінгі теңіз суы да қызыл түске боялған еді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті Маңғыстау облысының экология департаменті ұсынды