Отпан тау етегінде өтетін салбурын биыл да өз жалғасын тапты. Бұл жолы маңғыстаулық құсбегілер төл дәстүрді дәріптеуге ерекше дайындалған. Бүркітін баптап, жанындағы тазысын жүгірткен саятшылардың да саны артқан. Тіпті қолына қыран бүркітті мықтылап ұстаған азаматтармен қатар ителгі, қаршығаны қолға үйреткен жас қатары көп. Саятшылықты серік етуге қызығушылық танытып, бекзат өнерді бағалап, қасиетіне тереңнен бойлайтын бозбалалардың көбеюі арқылы ұлттық құндылықтың қайта жаңғырғанын аңғаруға болады.
«Салбурын этнографиялық шарасын өткізу 2013 жылы басталған еді. Әуелі бір ғана бүркітші Арон Оспанғалиевты шақырып, жастардың басын қостық. Уақыт өте келе Отпан тау етегіндегі Тұщыбек ауылынан Мереке Өтеғалиев бастаған жігіттер қатарымызға қосылды. Міне, қазір бекзат өнерді насихаттап, жарыстарда қанжығасы майланып жүрген жастар ортамызда жүр. Мектеп жасындағы балалардың ата-бабадан қалған дәстүрге, саятшылыққа бет бұрғаны мені қуантады. Қатарымыз көбейе берсін», - деді «Отпан» МКҚК бөлім меңгерушісі Жомарт Айдарбек.
Дәстүрге айналған салбурынға Тұщыбек ауылының құсбегілері Мереке Өтеғали, Өтежан Советов, Ертіс Есжанов, Айшуақ Тайманов, Абат Қуатов бастаған 16 бүркітші және Атыраудан арнайы келген Еламан Ордабаев қатысты. Олар Қаратау бөктерінде құс ұшырып, Отпан тау етегінде емін-еркін қоян мен қарсақты қақпанға түсіруді мақсат етті.
Олжалы болуды ойлаған құсбегілер алдымен қоянды нысанаға алды. Қаршыға мен ителгі қос қанатын кеңге жайып, төбеден төңгенде қояндар оңайлықпен жем болмады. Жылдамдығын асырып, құстарды біраз әуреге салды. Десе де қаршыға да, ителгі де жемтігінен бас тартпай, қоянды өз уысына түсірмей тыным таппады.
Салбурынды қызықтауға келген маңғыстаулықтар құсбегінің қарсақты қақтырмаққа жіберген сәтін тағатсыздана күтті. Екі қарсақ көзге ілінген соң қатысушылар баптаған бүркітінің томағасын шешіп, қарсақты қағуға жіберді. Алайда қос қарсақты шеңгелдеген қыран көп арасынан табылмады. Себебі Өтежан Советовтың «Зұлпыхары» жоғарылап барып, қайта шүйілген кезде, қарсақтың бірі құс екпінін байқап, аяғын өзіне тие бергенде ыршып төбеге қарай қаша жөнелді. Осылайша айласын асырған сақ қарсақ көпке дейін бүркіттің боршасын шығарды. Ақыры қақпанға ілінбеді.
Ал екінші қарсақ шүйіліп келген бүркіттің шеңгеліне оп-оңай іліне салды. Бұл жолы Мереке Өтеғалидің «Ақсеңгірі» қалықтап келіп, қашуға тырысқан қарсақты ұзаққа жібермей, әп-сәтте қағып алды.
Құсбегілер аңға құс салып, қанжығасын майлағаннан соң төбет иттердің жекпе-жегін тамашалады. Сәтті аяқталған салбурын соңында келген қонақтар астан дәм татты.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН