«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында Бейнеу, Шетпе, Маңғыстау ауылында 24,3 шақырым жол орташа жөндеуден өтіп, 7,5 шақырымды құрайтын жаңа жол Маңғыстау ауылында салынды, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысының әкімдігіне сілтеме жасап.
"Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша жаңа тұрғын үйлердің құрылысы аяқталып, 188 пәтер көпбалалы аналарға берілді. Бұдан бөлек 2020 жылы өңдеу өнеркәсібінде 7 жоба іске аспақ. Нәтижесінде 468 жаңа жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Бұл туралы облыс әкімі Серікбай Трұмов 2019 жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2020 жылға арналған міндеттері туралы "Қоғамдық кеңес" отырысында мәлім етті.
2019 жылы Маңғыстауда 4 жоба іске қосылып, 10,3 млрд теңге инвестиция тартылды. Өңір экономикасына салынған нақты инвестиция көлемі өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға артқан. Ауыл шаруашылығына салынған инвестиция 62%-ға, мемлекет тарапынан берілген субсидия көлемі 20%-ға, егін шаруашылығының көлемі 26%-ға өскен.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны негізсіз өсірмеу мәселесі әкімдіктің тұрақты бақылауында. 2019 жылы 544 жәрмеңке өткізіліп, өнімдер делдалсыз нарықтағыдан 15-20% төмен бағамен сатылды. Бюджеттен қолдау шараларын жүргізу арқылы ұн бағасы тұрақтандырылды.
Өңірде жұмыспен қамту мәселесі басты назарда. 2019 жылы 31,5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды. 2020 жылы 27 мың жұмыс орнын құру көзделуде.
Аймақ басшысы осылайша өткен жылғы атқарылған жұмыстарды баяндап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Жиын соңында қатысушылар тарапынан сұрақтар қойылып, ұсыныс-пікірлері тыңдалды.
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ