Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Түпқараған ауданы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Түпқараған ауданының әкімі Айбек Қосуақов жаңа амбулаторияның жобалық-сметалық құжатын жасақтауға тапсырма берген.
Айта кетейік, алғашқыда 900 адамға қызмет көрсетуге арналған емдеу орны бүгінде 7 мыңға жақын ауыл тұрғынын қамтып отыр.
Айбек Қосуақов Сайын Шапағатов ауылындағы әлеуметтік нысандарды аралап, жұмысымен танысты. Биыл 80 жылдығы аталып өтетін қоғам қайраткері Сайын Шапағатовтың мерейтойы қарсаңында ашылатын музей мен ескерткіш алаңын қарады. Сайын Шапағатов мектеп-гимназиясына барып, білім ордасының жай-күйімен, Ғ. Айдаров атындағы мектеп-лицейінің материалдық-техникалық базасымен танысты. 320 орынға арналған мектепте бүгінде мыңнан аса оқушы білім алады. Мектепке қосымша ғимарат салу және ашық футбол алаңын жаңарту ұсынылды.
Аудан әкімі күрделі жөндеуді қажет ететін ауылдық кітапхана мен "Серпін" аула клубына барып, оқушылармен кездесті. Айбек Қосуақұлы шәкірттерге сәттілік тілеп, аталған ғимаратты жөндеуден өткізу үшін жұмыстанатынын мәлімдеді.