Мұнайлы ауданының тұрғыны Есқуат Нұрболат үстел теннисінен өткен ҚР чемпионатында 1-ші орынды иеленіп, Алматы қаласындағы олимпиадалық резервтегі спортшыларды дайындайтын интернатқа шақырту алды, деп хабарлайды mangystaumedia.kz аудан әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сәуір айының 24-30 аралығында 14-15 жастағы жасөспірімдер арасында ҚР чемпионаты Алматы қаласында өтті. Додаға еліміздің әр түкпірінен 300-ге жуық спортшы қатысып, бақ сынады.
Жарыс нәтижесі бойынша Маңғыстау өңірінің құрамасындағы мұнайлылық 15 жастағы Есқуат Нұрболат қарсыластарын зор табандылықпен ұтып, үздік нәтиже көрсетті. Ол алтынды қоржынға салды.
Есқуат Нұрболат Мұнайлы ауданындағы №12 мектепте оқиды. Жаттықтырушысы Наурызбек Бақтығұл. Ол 5-ші сыныптан бастап үстел теннисімен айналыса бастаған.
-Есқуат Нұрболат ел чемпионы атанды. Жарыс нәтижесі бойынша Алматы қаласындағы «Шаңырақ» олимпиадалық резервтегі спортшыларды дайындайтын интернатқа шақырылды. Білімін сол жақта жалғастырады. Осыған дейін Талдықорған қаласында өткен жасөспірімдер спортакиадасында жекелей жүйеде финалға жетіп, ІІ - орынды иеленді. Ендігі мақсат - қыркүйекте өтетін жарыста озып шығу, дайындықты жалғастырамыз. Жеңіс құтты болсын, - дейді жаттықтырушысы Наурызбек Бақтығұл.
Сондай-ақ, аталған жарыста командалық қыздар ойынында Маңғыстау құрамасы 3-орынды алды. Құрамада Аққу Темірханова, Салима Абулхайр, Амира Әлімгерей, Айя Уәли, Меруерт Мұрат бар. Аққу Темірханова жеке жарыста да өнер көрсетіп, 3-орынға ие болса, жұптық ұлдар ойынында Дәурен Жұмағазы 3-орын иеленді.