Өткен жұмада Ақтау қаласы әкімі Ғ.Ниязов шаһар тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізді. Отырысқа облыс әкімі С.Трұмов, жергілікті атқарушы органдар өкілдері, халық қалаулылары, қоғам белсенділері қатысты. Басқосуда Ақтау қаласының былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері назарға ұсынылды. Халықты әлеуметтік қамсыздандыру, жұмыспен қамту, білім беру, денсаулық сақтау саласындағы түйіткілді мәселелер сөз болып, оларды жүйелі шешу жолдарын жасақтау жоспары ұсынылды.
Кәсіпкерлік – экономикалық өсім негізі
“Қала дамуының негізі– кәсіпкерлік саласы. Былтыр өнеркәсіп орындары 205,9 млрд. теңге құрайтын өнім өндіріп, өткен жылмен салыстырғанда 1,4 пайызға өскен. Ал негізгі капиталға салынған инвестициялардың көлемі 153,3 млрд. теңгені құрап, нақты көлем индексі 13,8 пайызға өсті. Сонымен қатар мемлекеттік бюджетке салық пен өзге де міндетті төлемдерден 393,3 млрд. теңге түсіп, 15,2 пайызға өсті. Елбасының халыққа жолдауындағы кәсіпкерлерді қолдау тапсырмасына сәйкес 2019 жылы қаңтардан бастап шағын және орта бизнеске салықтық амнистия жасау мақсатында жыл қорытындысы бойынша 16 193 салық төлеушілер 408 млн. 36 мың теңге үстемақы, 8 салық төлеушілер 8,1 млн. теңге айыппұлдардан босатылды. Өткен жылы үдемелі индустриалды-инновациялық дамыту бағдарламасы аясында 194 млн. теңге болатын битум негізінде қатты және гидро оқшаулағыш материалдарды өндіру зауыты іске қосылып, 25 жаңа жұмыс орны ашылды. Осы жылы 5,8 млрд. теңге құрайтын 3 жоба іске қосылып, 295 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында “Еңбек” нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамтыу 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы» аясында 699,2 млн. теңгеге 68 жоба қаржыландырылып, 127 жұмыс орнын құру көзделген. Және 237 азамат кәсіпкерлік негіздері оқу курстарын өтсе, “Бизнестің жол картасы - 2020” бағдарламасы аясында 225 жаңа жұмыс орнын ашатын 35 жобаға 1 млрд. 55 млн. теңге несие берілді. Қазіргі таңда ресми статистикалық деректерге сәйкес қала бойынша 31 011 мың шағын кәсіпкерлік субьектілері жұмыс жасайды, онда 79,9 мың азамат қызмет етеді. Ол қаланың белсенді тұрғындарының 84,9 пайызын құрайды”,-деп баяндады шаһар басшысы.
Кәсіпкерліктің бір саласы – азық-түлік бизнесі. Қала басшысының мәліметіне сүйенсек, Үкіметпен бекітілген 19 әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында 3 гипермаркет және 17 супермаркетпен меморандум жасақталып, 65 рет ауыл шаруашылығы өнімдері жәрмеңкесі ұйымдастырылып 113,7 млн. теңгеге өнім сатылған. Сонымен қатар жаз мезгілінде шағын аудандардың ішінде бақша өнімдерін, балмұздақ, попкорн сату үшін 299 сауда нүктесіне орын берілген.
“Мемлекет кәсіпкерлерді қолдап, жер телімдерін береді. Десекте жерді мақсатты әрі уақытылы игермеу фактілері анықталды. Бұл ретте жалпы көлемі 73,7 гектарды құрайтын 48 жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылып, 263 гектарды құрайты жерді игермегені үшін шара қолдану жер инспекциясына жолданды”,-дейді қала әкімі.
Халықты әлеуметтік қамсыздандыру – басты мәселе
“2019 жылы қала бойынша 11 мың 600 жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыс іздеп 13 мың 849 адам хабарласты. Жұмыссыз азаматтар 4 452 тұрақты, 899 қоғамдық, 125 әлеуметтік жұмысқа орналасқан. 478 жас маман жастар тәжірибесімен қызметке кірісті. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне өтуге байланысты нақты жұмыссыздар саны мен тұрғындар мәртебесін анықтау бойынша әкімдікпен үйлерді аралау барысында 5004 адам жұмыссыз ретінде тіркелді. Аз қамтылған отбасыларға жасалған көмеккке тоқталсақ. 2018 жылы 324 отбасы немесе 1379 азаматқа 89 млн. теңге, ал былтыр 10 мың 671 азаматқа 1 млрд. 130 млн. теңге атаулы әлеуметтік тегін көмек көрсетілді.
Заңға сәйкес 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмектің жаңа тәсілдері енгізілді. Ендігі ретте атаулы әлеуметтік көмек әр тоқсан сайын тағайындалады және отбасының барлық мүшелері үшін жан басына шаққандағы кіріс пен кедейлік шегінің арасындағы айырма ретінде есептеледі. Отбасының жұмысқа жарамды мүшесі жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда отбасының барлық мүшесіне әлеуметтік көмек көрсету тоқтатылады”,-деп мәлмімдеді Ғ.Ниязов.
Оның сөзіне сүйенсек, атаулы әлеуметтік көмекті алатын отбасылардың балалары кепілдік берілген әлеуметтік топтамаға ие болады: 1 жастан 6 жасқа дейінгі балалар азық – түлік жиынтығы және гигиеналық құралдармен, 6 жастан 18 жасқа дейінгі мектеп оқушылары жылына 1 рет оқу құралдарымен, киімдерімен, ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі, мектепке дейінгі жол жүру шығынының 50 пайызы өтеледі. Аталған мақсаттарға осы жылы республикалық және жергілікті бюджеттен барлығы 127,3 млн. теңге бөлінген. Биылдан бастап көпбалалы отбасыларды қолдау 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу бөлімінде оқитын студент балалары бар отбасыларға жаңа мемлекеттік жәрдемақы төлеу есебінен қамтамасыз етілетін болады. Бұл мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджеттен отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде төленетін болады: 4 балаға – 42 496 теңге; 5 балаға – 53 127 теңге; 6 балаға – 63 757 теңге; 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге.
“Өткен жылы тұрғын үй көмегі бағдарламасымен аз қамтылған 690 отбасының ай сайынғы 2300 теңге көлеміндегі коммуналдық төлемдері және күрделі жөндеуден өткен 3-шағын аудандандағы 25 тұрғын үйде тұратын 193 отбасының жөндеу жұмыстарының шығынын өтеуге ай сайын 34 200 теңге көлемінде, барлығы 98,5 млн. теңге бөлінді. (2018 жылы - 835 отбасы 125,6 млн. теңге жұмсалды). Осы жылы бұл мақсаттарға бюджеттен 100,9 млн. теңге қарастырылған. Әлеуметтік жағдайы төмен тұрғындардың бір бөлігіне жатақханамен көмек көрсетіледі. Қала әкімдігі пәтері жоқ әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға тегін тұруына бюджеттен 72 млн. теңге бөліп, 35 шағын ауданда орналасқан әлеуметтік жатақханада 193 отбасы, яғни 847 азаматтар тұрып жатыр. Оның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Сондай-ақ материалдық көмек студенттердің оқу ақысымен, шәкіртақысы, мерекелік күндерге және атаулы даталарға барлық топтағы мүгедектерге, жасы 70-тен асқан қарттараға, “Алтын алқа”, “Күміс алқа” иегерлеріне, Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлеріне, Чернобыль апаты зардаптарын жоюға қатысқандардың барлығына 24 мың 297 адамға 1 млрд. 152 млн. теңге көмек көрсетілген. Және 1895 жанға 938 мың 50 дана арнайы құралдар сатып алынып берілді. Көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың тұрмысын сәл де болса жақсартуға “Шуағыңды шаш” жобасы аясында 35 отбасыға кәсіппен айналысуға көмек көрсетілді. қазіргі таңда 18 отбасыға көмек көрсету жоспарланды. Оның ішінде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар, көпбалалы аналар, мүмкіндікгі шектеулі жандар бар.
Баспаналы болуға мүмкіндік мол
Былтыр жүргізілген құрылыс жұмыстарының көлемі 68,3 млрд. теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 6,3 пайызға өсті. 2019 жылы 520 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беру жоспарланған еді. Бірақ жыл қорытындысы бойынша 611,1 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Жеке қаражат есебінен бүгінгі таңда 69 тұрғын үй құрылысы жүргізіліп жатыр. Дегенмен тұрғын үй кезегінде мәселе бар. 2003 жылдан бері осы уақытқа дейін 10 528 адам кезекке қойылды. Тұрғын үйге кезекке тұру мәселесіне байланысты “Нұрлы жер” тұрғын үй құрылысы мемлекеттік бағдарламасының “Бақытты отбасы” бағыты бойынша жылдық мөлшерлемесі 2 пайыздық баспана ипотекасы көпбалалы, толық емес, мүгедек бала асырап отырған отбасыларға тұрғын үй сатып алуға әкімдік пен банкке 191 жолдама жіберілген. Қазіргі таңда 84 жолдама бойынша отбасылар баспанаға қол жеткізді. «7 -20-25» бағдарламасы аясында 2019 жылы жалпы сомасы 5,1 млрд. теңгені құрайтын несие беріліп, 527 отбасы үйін алды. Одан басқа әкімдікпен кезекте тұрған 746 көпбалалы отбасыларды тұрғын үймен қамту үшін 1,1 млрд. теңгеге 132 пәтер салынып жатыр.
Төменгі шағынаудандарда ескі үйлердің сәулеттік келбетін жаңғыртуға байланысты 3-шағынаудандағы екіқабатты үйлердің орнына 5 қабатты үйлердің орналасуы бойынша егжей-тегжейлі жобасы жасақталып бекітілді. Ендігі мәселе 2012 жылы бекітілген қаланың Бас жоспарына өзгертулер енгізілуде.
Жолдар мен инженерлік желілері
Шаһар басшысының мәліметіне сүйенсек, қаладағы алты жаңа шағынауданға электр желілерін, екі шағынауданға инженерлік құбырлар құрылысын жүргізу үшін жаңадан екі қосалқы станция салынып жатыр. Төменгі шағынаудандарды электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ету үшін «Хазар» қосалқы станциясының құрылысы жүргізілуде. Одан басқа 19 шағынауданда газ желісінің құрылысы жүріп жатыр. Құрылысы 2008 жылы басталған , тәуліктік қуаты 30 мың текше метрді құрайтын екінші кәріздік стансаның іске қосылып, ағымдағы суларды тазалау жұмыстарын жүргізуде.
Сонымен қатар қалаға қарасты «Приозерный-1» ауылында өткен жылы су желілері және ішкі жолдардың құрылысы толық аяқталды. Жаңадан «Рауан» ауылы су, электр желісі және ішкі жолдарының құрылыс жұмыстары басталды. Одан бөлек қала әкімі құрылыс жұмыстары жүріп жатқан жолдарға тоқталды. Мұнайшы стадионынан бастап, 16 мен 17, 19А мен 20- шағын аудан аралығындағы ұзындығы 2,3 шақырымды құрайтын жол қолданысқа берілді. 26 шағынаудандағы «Бекет Ата» мешітінен бастап 3Б шағынаудандағы Миграциялық қызмет көрсету орталыққа дейін 2,4 шақырым болатын жолды 4 жолаққа дейін кеңейту жұмыстары толық аяқталды. «Алатау» мейрамханасынан «Грин-Плаза» тұрғын-үй кешеніне дейінгі №22 автожолы ақпан айының соңында толық қолданысқа беріледі. «Көктем» тұрғын-үй массивінің, «Приморский» ауылының жолдарының құрылыс жұмыстары 95%-ға аяқталған, осы жылы толық қолданысқа беріледі. 32В ш/а «Шаңырақ» тұрғын кешені және 31Б,32Б,35 шағынаудандары бойындағы №33 автомобиль жолының құрылысы жүргізілуде. 33 ш/а «Маңғыстау Арена» с/к, 34,34А,35 шағынаудандар бойымен №26 автомобиль жолы құрылыс жұмыстары басталды.
Өзге де өзекті сауалдар
Кездесу барысында қала тұрғындары көкейде жүрген сауалдарын қойып, нақты жауаптарын алды.
“22-шағын аудандағы балаларға арналған ойын алаңдары өте нашар жағдайда. Мүлдем қараусыз қалғандықтан бұзақылар жарамсыз күйге түсірген. Ойын алаңдарын қалыпқа келтіру және оларға бақылау орнату мүмкін бе? Сондай-ақ тозығы жеткен инженерлік желілерге жүргізілген күрделі жөндеулер шағынауданішілік жолдарды жамау, шұрық-тесікке толтырды. Осы мәселе қалай шешімін табады”,-дейді қала тұрғыны.
“Жоғарыда атап өткендей қала аумағында 126 ойын және 31 спорт алаңына жөндеу қажет етіледі. Бюджеттен бөлінген қаржы көлеміне байланысты биыл 9 ойын алаңына жөндеу жүргізіледі. Дегенмен, сіздің мәселе назарға алынады. Қалада 1120 шақырым су, кәріз және электр қуаты желілері жүргізілген. Оның 50-ден 70 пайызға дейінгі бөлігі тозған. Жөндеу жұмыстары қыста жүргізілгендіктен, асфальт жамылғысы жаз мезгілінде төселеді. Алдағы уақытта “Каспий, жылу, су арнасы” КММ бірлесе жұмыс атқарамыз. Әрине Рауан, Приморский елді мекендерінде ішкі жолдарына күрделі жөндеу жұмыстары қажет. Барлығы жоспарға сәйкес кезең-кезеңімен қаражатқа байланысты іске асырылады”,-деді шаһар басшысы.
“Шығыс-3 те әлі күнге дейін су, кәріз жүйесі мүлдем жоқ, Асфальт төселмеді. Автобус қатынамайды. Осы мәселені неше жылдын бері көтеріп келеміз. Нақты нәтиже жоқ”,-дейді тұрғын.
Облыс әкімінің тікелей тапсырмасына сәйкес Шығыс-2 шағынауданы аумағына су мен көгілдір отын желілерін тарту жұмыстары бастау алды. Ал Шығыс-3” шағынауданын электр қуатымен қамту қолға алынды. енді міне су мен кәріз жүйесі құрылысын бастау үшін конкурс өткізіледі.26 ақпанда жеңімпаз анықталысымен дереу іске кіріседі. Ал жол мәселесіне келер болсақ. Мердігер анықталып түр. Инженерлік желілер толықтай жүргізіліген соң жол салу жұмыстары басталады. Жолды салып тастап, қайта желілерді жүргізуге болмайды”,- қала әкімі.
“Шығыс-3” шағынауданында мектеп, балабақша салына ма? Сондай-ақ қоғамдық көлік мәселесі қашан шешімін табады? ”,-деген сауал келіп түскен еді тұрғыннан.
“Шығыс-1” шағынауданында 300 орындық мектептің жері бар. Оның проектісі шықты. Қазіргі таңда мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында салу үшін конкурс өткізілуде. Мердігер анықталса құрылыс жұмыстары бастау алады. Одан басқа Хан-шаһар мейрамханасына қарама-қарсы аумақтан 3 гектарлық жерді алдық. Ол жерде 1200 орындық мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталу үстінде. Автобустың жағдайы өздеріңізге мәлім. Облыс әкімінің қолдауымен 18 жаңа автобус алынды. Биыл екінші жартыжылдықтан бастап қолданысқа беріледі. Сонымен қоса, “Нұр Плаза” қонақүйінің жанындағы аумағы 2 гектарды құрайтын жерге мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында автостанса салу жоспарланып отыр. Біздің қалада 74, ал Мұнайлыда ауданында 70 автобус бар. Облыс әкімі С.Трұмов “NСОС” компаниясымен жүргізген келіссөз нәтижесінде мердігер қаражаты есебінен облысқа қосымша жаңа автобустар әкелу көзделген. Жоспар жүзеге асқан жағдайда қоғамдық көліктердің жаңа қозғалыс бағыттары міндетті түрде құрылады”,-деп мәлімдеді Ғ.Ниязов.
“Приозерный-1 елді мекеніндегі көлшік мәселесі қалай шешіледі және жол кедергілерін орнату жайы қалай”,-дейді қала тұрғыны.
“Көлдегі су деңгейі құбылмалы. Алдымен су мамандары жан-жақты зерттеу жүргізуі тиіс. Сондықтан оны мүлдем бітеп тастау әзірше мүмкін емес. Қала бойынша мектептер мен шағынаудандар жанынан 40 жаңа жол кедергілерін орнаттық, Бұл бағытта жұмыстар өз жалғасын табады”,-дейді шаһар басшысы.
Сондай-ақ қала тұрғындары шаһар келбетіне кірбің келтіріп тұрған кей аялдамалар сиқына алаңдаушылық танытқан еді.
“Қала аумағында 199 аялдама орны бар. Оның 99-ы жабдықталмаған. Былтыр аукцион ұйымдастырылғанымен, кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық төмен. Ендігі кезекте аялдама салу үшін бөлінетін арнайы қаражат қала бюджетіне енгізіледі. Аялдамаларға қатысты жұмыс кезең-кезеңімен атқарылады”,-дейді қала әкімі.
Қала әкімінің есеп беру кездесуіне бір топ мүмкіндігі шектеулі, нақтылап айтсақ есту-сөйлеу қабілеті нашар жандар да келіп, талап-тілегін білдірді. Олар өз денсаулығындағы ақауға қарамастан кез келген кәсіпті игеруге ынталы екендерін жеткізіп, жұмысқа орналасуға және баспанамен қамту мәселесін шешуге жәрдемдесуін өтінді.
“Біздің әкімдікте 1-2 мүмкіндігі шектеулі азамат қызмет етеді. Әрине, кембағал жандарды жұмыспен қамту бүгінгі таңда өте қиын мәселе. Бұл тұрғыдан кәсіпкерлермен кеңесе, бірлесе жұмыс жасау керек. Баспана мәселесіне келер болсақ. Қазіргі таңда 10500 адам баспана кезегінде тұр. Оның ішінде мүгедектер, ата-ана қамқорлығынсыз қалған жетім балалар да бар. Баспана заңға сәйкес кезекпен беріледі”,-дейді Ғ.Ниязов.
«Кез келген мәселе шешімін табуы тиіс»
Қала тұрғындарымен кездесуде осындай өзекті мәселелер көтерілді. Қорытынды сөз сөйлеген облыс әкімі С.Трұмов алда атқарылатын жоспарлы жұмыстың маңыздылығына тоқталып, ел болып жұмыла жасаған істің қашан да нәтижелі боларына сенім білдірді.
“Әрине ел болған соң мәселе болады. Барлық деңгейдегі әкімдіктері өзекті мәселелерді шешу бағытында қауырт жұмыс жасап келеді. Кез келген дүние бір мезетте жасалмайды. Уақытпен санасу қажет. Халық алдында есеп беру кездесулер өте маңызды. Себебі мәслихат сессияларында бюджетті бекіту барсында халықтың ұсыныс-тілегі назарға алынуы тиіс. Ақтау қаласы жыл арта дамып, халық саны өсіп, өрісі кеңейіп келеді. Шынтуайтында, кей мәселелер неше жылдан бері қордаланып қалған. Бірақ қандай кедергі туындамасын ең алдымен халықтың тұрмыс жағдайы жақсартылуы тиіс. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында облыс әкімдеріне бірқатар нақты тапсырмалар жүктелді. Ендігі кезекті жергілікті атқарушы органдардың қызмет нәтижесі жаңа жұмыс орындарын ашумен бағаланады. Нәтижелі жұмыспен қамту жүйесінің жаңа тетіктерін жасақтау қалай жүзеге асады? Әрине, шағын және орта бизнеске, іскерлік орта өкілдеріне қолдау көрсету, инвесторларға қолайлы орта құру қажет. Қазіргі таңда қаланың Бас жоспары бекітілген. Құрылыс үрдісі қауырт. Әрине құрылыс жұмыстары қуантады, десек те кез келген әрекет заңнамада белгіленген нормалар мен талаптарға сәйкес іске асырылуы тиіс. Жуырда ғана қалада жүргізіліп жатырған құрылыс жұмыстарына жауапты кәсіпкерлермен кездестім. Менің негізгі көздегенім құрылыс саласындағы кәсіпкерлерге қолдау көрсету, құрылыс жұмыстарын заң талаптарына сәйкестендіру және уақытылы іске қосылуына бақылау орнату. Қазіргі таңда “МАЭК-ҚазАтомПром” мекемесінде жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін қаражат салу жоспарланып отыр”,-деді облыс әкімі С.Трұмов.
Сондай-ақ облыс әкімі қала ның жоғарғы шағынаудандары және қаламен жапсарлас елді мекендерге жылу мен көгілдір отын желілерін тарту жұмыстарындағы қиындықтар және олардың еңсеру жолдарына қатысты біқатар мәліметтер айтты. Өңір басшысы қала аумағын аббаттандыру мен көгалдандыру бойынша атқарылған
“Әрбір азамат қала тазалығына атсалысуы қажет. Көшеттер жыл сайын отырғызылады. Бірақ уақыты суарылып, күтіп-бапталмауынан нәтиже жоқ. Жұмсалған қаражат желге ұшқанмен пара-пар. Қала әкімдігіне жасыл желектерді суару, күту жұмыстарын жүйелі ұйымдастыру тапсырмасын жүктеймін. Қала тазалағына жауапты мердігер мекемеге қолдау көрсету, арнайы техникамен жабдықтау, қала аумағын қоқыс контейнерлерімен қамту қажет. Қазіргі таңда тазалау техникаларының озық үлгілері қолжетімді. Коммуналдық мекемелерге үйлестіру жұмыстарын жетілдіруді тапсырамын”,-деді облыс әкімі С.Трұмов.
Өңір басшысы қолжетімді баспанамен қамту мәселесіне қатысты пікірін білдірді.
“Халықты қолжетімді баспанамен қамту мәселесі күнтәртібінен түспейтін өзекті жайттардың бірі. Әлеуметтік аз қамтылған отбасылар, көпбалалы аналар, мүмкіндігі шектеулі мүжәлсіз жандарды тұрғын үймен қамту үшін мүдделі тараптармен бірлесе ортақ тұжырым негізінде арнайы бағдарлама жасақтау қажет. Біз осы бағытта үздіксіз жұмыстанудамыз”,-дейді облыс әкімі.
Облыстың бүгінгі экологиялық ахуалы, соның ішінде Қошар ата қалдық қоймасына қатысты күйіп тұрған мәселелер қала тұрғындарының қызу талқысына түсті. Өңір басшысы Қошар ата көлінің айналасын жасыл желекпен көмкеру, жалпы көлді толықтай көміп залалсыздандыру ісіне қатысты құжаттар рәсімдеу, қаражат бөлу мәселесіне қатысты мәліметтермен бөлісті.
Қала әкімінің есеп беру кездесуінде көптеген өзекті мәселелерге қатысты нақты жоспарлар осылайша жалпыға түсінікті ашықтық қағидатына сәйкес жан-жақты талқыланды. Облыс әкімі С.Трұмов қаланың бүгінгі тынысы мен болашақ дамуына қатысты кез келген дүниеге айрықша мүдделілік танытып, әрбір мәселенің шешімін табуға жүйелі ізденіс, табанды еңбек қажет екендігі ескерді.
Голрох Жеменей