Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қоғам қайраткері, жазушы Бектұр Төлеуғалиұлының 80 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтті. Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде болған шараға облыс әкімі Серікбай Трұмов, қаламгердің әріптестері мен замандас достары қатысты. Ел ағасы атанған қаламгердің өмір жолы мен шығармашылығына тоқталып, мерейтойға келген қонақтар ақжарма тілектерін жаудырды.
Шарада сөз алған облыс әкімі Серікбай Трұмов: "Еліңде қартың болса – жазулы тұрған хатпен тең" деп халқымыз осындай жаны дархан жандардың қоғамдағы орнын дөп басып айтқандай. Маңғыстау ауданының Тұщықұдық жерінде дүниеге келген Бектұр аға қандай қызметте болса да, өзіне жүктелген міндет пен халық сенімін ақтап, абыройдың биігінен көріне білді. Қоғамдық жұмыстардың бел ортасында жүріп, еліміздің дамуына елеулі үлес қосуда. Көп жылдардан бері Ақтау қалалық және Маңғыстау облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрағасы қызметін атқарып келеді. Халыққа кеңінен танытып, оқырмандардың құрметіне бөлеген бірі қыры – оның қаламгерлігі. Соңғы жиырма жылда оның қаламынан «Балдағы алтын ақ болат», «Бас сардар», «Адай тарихы сыр шертеді» және «Ғасырлар құндылықтары» секілді кітаптар дүниеге келді. Қазақ тарихының ақтандақ беттеріне жарық түсірген шығармалары әдебиетіміздің қорынан берік орын алып үлгерді.
Бүгінгі мерейтой иесі Бектұр Төлеуғалиұлын 80 жас мерейтойымен құттықтай отырып, мықты денсаулық пен шығармашылық қуат, әулет пен ел – жұртының амандығын тілеймін", деді аймақ басшысы. Алыстан ат арылтып келген ағайын мерейтой иесіне құрмет көрсетіп, шығармашылық кеште өңір өнерпаздарының концерттік бағдарламасына ұласты.