Бұл туралы mangystaumedia.kz сайты Хабар 24 агенттігінің ақпараттық порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Теміржол вокзалы маңына автовокзал, қонақүй, мұз айдыны бар сауда үйі, кинотеатр мен мейрамханалар қатар салынбақ. Сондай-ақ жерасты көлік тұрағы да жасалады. Көпсалалы вокзал қаланың қақ ортасындағы 16 гектар жерге тұрғызылады деп жоспарланған. Жоба авторларының айтуынша, ақтаулық жолаушылардың облыс орталығынан 25 шақырым жердегі «Маңғыстау» станциясына бармай-ақ, қаладан пойызға отыруына мүмкіндік береді дейді.
Мұндай вокзал Берлинде және Ресейдің Краснодар аймағында жұмыс істеп тұр. Жаңа жобаны жеке инвестиция есебінен салу көзделген. Вокзалды толық аяқтау үшін 30-50 млн доллар қажет. Жергілікті компания құрылысты жүргізу үшін германиялық «Deutsche Bahn Holding» компаниясының қызметіне жүгінбек.
Бекнұр Бәлиұлы, қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы:
Теміржол вокзалы Маңғыстау селосында орналасқан. Қазір халықтың қажеттілігіне байланысты қала аумағынан, яғни, халыққа қолайлы жақын жерден салу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жергілікті бюджеттен, республикалық немесе облыстық қазынадан аталған вокзалдың құрылысына ешқандай қаражат қарастырылған жоқ. Бұл тек жеке инвесторлардың есебінен салу жоспарланып отыр.
Алтай Борашев, инвестор өкілі:
– Пойыздардың дауысы қатты жаңғырып, халыққа ыңғайсыздық тудырмас үшін жол бойында дыбысты шығармайтын құрылғылар орнатылатын болады. Бұл вибрацияны да азайтуға мүмкіндік береді. Қазір қоғамдық тыңдау өткіздік. Енді жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуді бастаймыз. Одан кейін теміржол вокзалын салатын аумақтағы жылжымайтын мүлік иелерімен келіссөздер жүргізіледі.