Қалада алғаш рет мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған медиа-мектеп ашу жоспарланып отыр. Бұл туралы облыстық қоғамдық коммуникация орталығында өткен брифингте «Батыр бол» әлеуметтік жобасының Маңғыстау облысы бойынша жетекшісі Кенжегүл Тайғара мәлімдеді, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
«Жобаға Петропавл, Атырау, Ақтау қалаларынан келген жастар қатысты. Ұйымдастырушылар әр облыстан келген балаларды топ-топқа бөліп, достық қарым-қатынаста жұмыс жасауға үйретті. Қатысушылар мүмкіндігі шектеулі екендеріне қарамастан, тың идеяларымен, видео-блог түсіруде таңдалған тақырыптары ерекше тәнті етті. Қуана айта кететін жәйт, республика бойынша алғаш рет Ақтауда мүмкіндігі шектеулі балаларды дамытып, ары қарай жігерлендіру мақсатында медиа-мектеп ашылу жоспарлануда», - деді Кенжегүл Тайғара.
Айта кетейік, былтыр Ұлттық Дельфий Комитетінің ұйымдастыруымен «Батыр бол» әлеуметтік жобасының іріктеуі өткен. Өңірден 51 бала қатысып, оның 8-і республикаға жолдама алған болатын.
Жоба аясында республикалық кезеңге жолдама алған жастар 10 күн бойы әлеуметтік жарнаманы жасау мен оны ғаламтор желісінде таратудың қыр-сырын үйренді.
Жұлдызай ҚАЛИЕВА
Суретті МО қоғамдық коммуникация орталығы ұсынды