Маңғыстау туризм колледжінде Rixos Aktau Training Academy атты өңірде мейрамхана және қонақ үй бизнесінің орта буын мамандарын даярлайтын курс бастау алып, бірінші легі түлеп шықты. Бұл туралы оқу орны директорының орынбасары Ажар Бисенова хабарлады.
Оның айтуы бойынша, 2019 жылы 12 қарашада Маңғыстау облысы әкімдігі мен “Файн Отель Туризм Ишлетмеджилик” АҚ туризмдегі серіктестік жөнінде меморандумға қол қойды. Ынтымақтастық аясында қолға алынған атаулы курсты тәмәмдағандардың 2020 жылдың маусымында іске қосылатын Ақтаудан 20 км қашықтықта орналасқан бес жұлдызды Rixos қонақүйіне жұмысқа тұруға мүмкіндіктері бар.
— Даярлау курсының теориялық бөлігін Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетінің оқытушылары берсе, тәжірибелік жағы үшін колледжіміздің (Маңығстау туризм колледжі — ред.) мұғалімедері жауапты. Курс екі тілде өтеді — қазақ және орыс. Оқыту соңында студенттер емтихан тапсырады. Сол емтиханның қорытындысы бойынша үздіктерді таңдап алып, БАӘ мен Түркия қалаларында өтетін тағы бір айлық тәжірибеге жібереміз. Жол және тұратын жер ақысы ұйымдастырушылар тарапынан өтеледі. Сондай-ақ тәжірибеден өтуші жалақы алатын болады, — дейді А.Бисенова.
Курс алты айлық, бір лек тек бір ай оқиды. Қазіргі таңда оны 200 студент оқып бітірді. Жуырда облыс әкімінің орынбасары Нұрлыбек Қилыбаев пен жоба жетекшісі Серік Исағалиев бірінші лектің үздік 15 студентін марапаттады. Сондай-ақ, С.Исағалиев колледж директоры Мирсат Ізмұхамедовке оқу орнының материалдық-техникалық базасын дамыту үшін 3,5 млн теңгелік сыйақы табыстады.
Айта кетерлігі, курсқа колледж студенттері ғана емес, кез-келген ниетті адам қатыса алады.
— Мен таңертеңгі бөлімде оқимын. Сабақтар таңғы сағат 9.00-ден түскі 13.00-ге дейін өтеді. Онда біз даяшылық, аспаздық, басқарушылыққа үйренеміз. Курс маған қатты ұнайды, — дейді колледжді бес жыл бұрын бітірген Саида Таривердиева.
Арай ЖАУПЕРОВА