©
Ақтау қаласындағы «Достық үйінің» конференц залында «Жаңа қазақ әліпбиі емле ережелерінің ерекшеліктері» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Оны ашып, жүргізіп отырған Маңғыстау облысының тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасының бөлім басшысы Айгүл Ықыласқызы қазақ тілі әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру бойынша атқарылған іс-шаралар жоспарының Маңғыстау облысында жүзеге асырылуы туралы баяндады. Облыста былтыр бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру бойынша іс-шаралар жоспарын Маңғыстау облысы бойынша іске асырудың іс-шаралар жоспарының» негізгі кезеңдеріне тоқталды. - Бірінші кезең — 2018-2020 жылдары нормативтік құқықтық базаны жетілдіру бойынша іс-шаралар, - деді Айгүл Ықыласқызы. - Бұлар — жаңа әліпбиді таныстыру, түсіндіру және насихаттау, сонымен қатар латын графикасына көшуді ескере отырып, жалпы орта білім беру ұйымдары оқытушыларының біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру, мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру аясында ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы филиалында мемлекеттік қызметшілерді латын графикасына үйрету. Екінші кезең — 2021-2023 жылдар, яғни ұйымдастырушылық және әдістемелік іс-шаралар — мемлекеттік, жергілікті атқарушы органдар қабылдаған нормативтік құқықтық актілерді латын графикасына көшіру бойынша жұмыстарды ұйымдастыру, ҚР азаматының төлқұжаттары мен жеке куәліктерін және басқа да құжаттарды латын графикасы негізіндегі мемлекеттік тілде беруді қамтамасыз ету, тілдік мамандықтар шеңберінде жаңа қазақ графикасы және жаңа жазу ережелері бойынша пәндер мен курстар әзірлеу және енгізу, латын графикасы негізіндегі қазақ тілінің орфографиялық сөздігінің, орфоэпиялық сөздігінің жалпыға қолжетімділігін және жаппай енгізілуін қамтамасыз ету, сөздіктердің онлайн нұсқасын мемлекеттік органдардың, мемлекеттік мекемелердің барлық ресми сайттарына орналастыру, Қазақстан Республикасының кітапхана желілерін осы әзірлемелердің электрондық нұсқаларымен қамтамасыз ету. Ал үшінші кезең — 2024-2025 жылдар. Бұл кезеңде ұйымдастырушылық және әдістемелік іс-шаралар жалғасын табады. Мемлекеттік органдардың ісқағаздары, барлық жасалған халықаралық шарттар, мемлекеттік БАҚ және баспа басылымдары латын графикасына кезең-кезеңімен көшіріледі. Сондай-ақ жаңа қазақ әліпбиіне қатысты тақырыптарда өңірде ұйымдастырылған конференциялар мен семинарлар, насихат және түсіндіру шаралары жайын әңгімелеген А.Ықыласқызы алдағы жоспарлардан да хабардар етті. - Емле ережелерімен көпшілікті таныстыру, тиісті сала мамандарын оқыту мақсатында Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты «Тіл-Қазына» орталығының ғалым-әдіскерлері латыннегізді қазақ жазуын меңгертетін тренерлерді (оқытушыларды) дайындайтын курстарды ұйымдастыруда, - деді баяндамашы. - Наурыз-қараша айлары аралығында Астана қаласында 72 сағаттық курсқа республика өңірлерінен 14 маман қатысып, біліктілігін арттыратын болады. Наурыз-маусым айлары аралығында «Тіл-Қазына» орталығының ғалым-әдіскерлері өңірлерге келіп 2 күндік, ал маусым-қараша айларында 1 күндік сабақтар ұйымдастырылып, әр өңірден 120 адамнан қатысады деп күтілуде. Алғашқы республикалық курс 6 сәуір күні аяқталды. Оған облысымыздан Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің доценты, филология ғылымдарының кандидаты Гүлбаршын Адамбаева қатысып, сертификат алды. Жалпы аталған курс, сабақ, дәріс жұмыстарына мемлекеттік тіл оқыту орталығының оқытушылары, ЖОО-ның, арнаулы білім беру мекемелерінің филолог оқытушылары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері, құқық қорғау органдары қызметкерлері, мемлекеттік ұйымдар қызметкерлері, өңірлердегі квазимемлекеттік секторлардың, яғни мемлекеттік тілді дамыту және редакциялау бөлімдері, кадр бөлімі, іс қағаздармен жұмыс жүргізу бойынша қызметкерлері мамандар қамтылатын болады. Сонымен қатар бүгінгі таңда облыста латын графикасындағы жаңа әліпбидің емлесі ережелерін оқыту-үйрету жұмыстары басталды. Жыл бойы басқарма тапсырысымен 3000 адам «Латын графикасындағы жаңа әліпбидің емлесі ережелері» тақырыбындағы курстармен, семинарлармен қамтылу жоспарланған. Биылғы 2-жартыжылдықтан бастап «Үш тілді онлайн оқыту» мобильдік қосымша іске қосылып, аталған мобильдік қосымшаны биыл 5000-ға жуық тұрғын пайдаланады деп күтілуде. Барлық тиісті жұмыстар қазақ тілі әліпбиін 2025 жылға дейін латын графикасына кезең-кезеңімен көшіру бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес жалғасады. Семинарда Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Гүлбаршын Адамбаева «Жаңа қазақ әліпбиі емле ережелерінің ерекшеліктері», «Өрлеу» «БАҰО» АҚ филиалы Маңғыстау облысы бойынша педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының бас маманы, педагогика ғылымдарының кандидаты Алмахан Қабылова «Жаңа қазақ әліпбиі емле ережелерін меңгеру жолдары» жайында дәрі оқыды. Тіл мамандарының жаңалыққа толы дәрісі тыңдаушыларды ұйытты. Семинарға қатысқан мемлекеттік органдар басшылары мен қызметкерлері мамандарға латыннегізді қазақ тілі тақырыбына орай сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА