Маңғыстау облыстық ауруханасының кардиохирургтары Ернұр Ордабаев пен Нұрғазы Құрманғалиұлы науқасқа күрделі ота жасады. Бұрын ондай ота жасау үшін науқастар медициналық қызметкерлермен бірге астанаға санитарлық авиациямен жеткізілетін. Өкінішке орай, соның өзінде пациенттердің көбі ота жасауға дейін жете бермейтін. Жаңаөзен қаласында емделіп, дертіне шипа таппаған 46 жастағы Қаржау Ақтаудағы облыстық ауруханаға өз аяғымен келген. Оған кенорындарының бірінде салқын тиген деген диагноз да қойған. Сондай-ақ ол дәрігерлер оның өкпесінен шамамен үш литр сұйықтық алдыруын ұсынғанын айтқан. Алайда ем қонбай, жағдайы күннен күнге нашарлар бара жатқанын білген ол ауруханада тексеруден өтеді. Қабылдау бөлімінде ақтаулық мамандар оған бірден қарыншааралық қалқаны үзілген төменгі қабырға миокард инфарктісі деген диагноз қойған соң Қаржау ота жасатуға ойланбастан келіседі. Брақ мұндай отаның 70% қайғылы аяқталатыны науқастың өзіне де, туыстарына да ескертіледі. Ота жасаудан басқа амал да жоқ еді. Үш сағатқа созылған күрделі ота сәтті өткеннен кейін екінші тәулікте науқас жалпы палатаға ауыстырылды. Дәрігерлердің айтуынша, жағдайы жақсы, өміріне төніп тұрған қауіп жоқ және инфаркт қайталануы мүмкін емес. - Қарыншааралық қалқанның үзілуі миокард инфарктісінде 1 немесе 2 пайыз ғана кездеседі, - дейді облыстық аурухананың кардиохирирургиялық орталығының басшысы Ернұр Ордабаев. - Ота жасалмаған жағдайда мұндай науқастар қайтыс болады, ал ота барысында соң олардың 70%-ы көз жұмады. Біз осындай диагноз қойылғандарды қасына медицина қызметкерлерін қосып, Нұр-Сұлтанға жіберетінбіз, сонда да олар клиникаға жетпестен қайтыс болып кететін еді. Бұл жолы отаны өздері жасаған кардиохирургтардың тәуекелге бел буған жұмысы сәтті аяқталып, ажал аузынан аман қалған науқас отбасына оралуға дайын отыр.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА