©
Биылғы 1 сәуірде Қазақстан Республикасында халықты қызылшаға қарсы қосымша иммундау басталды. Мамандардың айтуынша, 9 және 10 айға толған балалар, егу дерегі белгісіз 30 жасқа дейінгі адамдар, бұрын егілмеген және қызылшамен ауырмаған, 5 және одан да көп жыл бұрын инфекция ошақтарында қызылшаға қарсы бір екпемен егілген адамдар, сондай-ақ эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша вакцинациялауға жататын 40 жасқа дейінгі медицина қызметкерлері егілетін болады. Мұның себебін халықтың осы топтары қызылша ауруымен ауыратын науқастармен жиі байланыста болғандықтан жұқтыру тәуекелі жоғары болуымен байланыстырады. - Вакцинация жүргізуге қызылшаға, қызамыққа және паротитке (ҚҚП) қарсы аралас вакцина пайдаланылатын болады, - дейді облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің инфекциялық және паразитарлық ауруларды эпидемиологиялық қадағалау бөлімінің басшысы Гүлшат Шорбасова. - Вакцинаны «Серум институт оф Индия» (Үндістан) компаниясы өндірген, оның сапасына ДДҰ-ның кепілі бар. Осы вакцина әлемнің 70-тен астам елінде, оның ішінде соңғы 10 жыл бойы Қазақстанда да сәтті пайдаланылып келеді. Үтіміздегі жылға бірыңғай дистрибьютор–«СК-Фармация» ЖШС республикалық бюджет қаражаты есебінен Республика бойынша 788,4 миллион теңгеге 651,5 мың дозаны (1 дозаның бағасы шамамен 1209 мың теңге) сатып алды. Бүгінде вакцина барлық қала, аудандарға таратылды. Гүлшат Сырымбетқызы вакцинация тегін жүргізілетінін айты. Екпені алу үшін бекітілген аумақтық емханаға жүгіну қажет. Сондай-ақ, маман берген мәліметтерге сүйенсек, қызылшаның тіркелуі республиканың барлық өңірінде байқалады. Республика бойынша 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қазіргі уақыт аралығында қызылшаның 4670 расталған жағдайы тіркелген, оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар арасында 3350 жағдай (71,2%). - 5 өңірде – Нұр-Сұлтан қаласында (ағымдағы жылғы қаңтардан бастап – 1342 жағдай), сондай-ақ Алматы, Шымкент қалаларында, Ақмола және Түркістан облыстарында өсуі байқалады, - дейді ол. - Маңғыстау облысы аумағында жыл басынан бері (01.01.–04.04.2019ж.) қызылша ауруының 295 жағдайы зертханалық түрде анықталды. Аймақ бойынша талдау жасағанда: Ақтау қаласында–58 жағдай, Жаңаөзен қаласында–143, Түпқараған ауданында–10, Маңғыстау ауданында–14, Қарақия ауданында-23 және Мұнайлы ауданында 47 жағдай тіркелді. Аурудың 67,1% (198 жағдай)-14 жасқа дейінгі балалар арасынан анықталды. Тіркелген қызылша ауруларының 54,0% қызылшаға қарсы егілмеген адамдар арасынан тіркелді. Оның ішінде 52,8% егу жасына жетпеген, 28,9% егуден бас тартқан және 18,2% медициналық қарсылық бойынша егілмегендер; 16,6% егу деректері белгісіз адамдар; 11,2%-толық егілмегендер. Сонымен қатар инфекцияның таралуына егілмеген адамдардың, оның ішінде 80-жылдардың соңында және 90-жылдардың басында вакцинацияның болмауынан егілмей қалған болашақ аналардың болуы ықпал етті. Еуропа елдерінде қызылшамен сырқаттанушылық бойынша жағдайдың күрделенуі байқалатынын және Қазақстанда сырқаттанушылықтың өсуі көптеген мемлекеттермен іскерлік және туристік қатынастардың болуына байланысты осы елдерде қызылшаның өршуі салдарынан 2018 жылдың соңында орын алғанын еске саламыз. Қазақстанда айналымда жүрген қызылшаның вирустарын генотиптеу еуропалыққа ұқсас D8 және В3 штаммдарының айналымын көрсетіп отыр. Қызылша вирусы ауа-тамшы жолымен жеңіл беріледі және өміршең бөлшектері қызылша ауруын тасымалдаушы үй-жайдан шығып кеткеннен кейін екі сағатқа дейін ауада сақталады. Қызылша бөртпе пайда болғанға дейін төрт күн бұрын және бөртпе пайда болғаннан кейін төрт күнге дейін басқа адамдарға беріле алады. Сондықтан, ауру жұқтырған адам қызылшаның ешбір белгілерінсіз және өзінің денсаулығы туралы білмей вирус таратуды жалғастырады. Олар адамдармен қарым-қатынаста болып, жұмысқа, мектепке, дүкенге барады, маршруттарда және метрода жүреді. Егілмеген адамдар вирусы бар ауамен тыныс алғаннан кейін 90% жұқтыру ықтималдығына ұшырайды. Вирустық инфекциялар бойынша, оның ішінде қызылша бойынша эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, жас балалары бар аналарға, сондай-ақ әртүрлі себептермен (баласының денсаулығы жағдайы, егу жасына толмаған, вакцинациядан бас тарту және т.б.) профилактикалық егу алмаған барлық адамдарға қызылша бойынша эпидемиялық жағдай тұрақтанғанға дейін адамдар көп жиналатын жерлерге (сауда-ойын-сауық орталықтары, кинотеатрлар, ХҚКО және т.б.) барудан бас тартқан жөн. Қызылшадан қорғанудың бірден бір тиімді шарасы вакцинация болып табылатынын естен шығармау қажет. Дене қызуының көтерілуі, катаральдық көріністер (жөтел, мұрынның бітелуі, тамақтың ауыруы) және денеге бөртпенің шығуы сияқты белгілер пайда болған жағдайда уақтылы диагностикалау, емдеу және асқынуларға жол бермеу мақсатында дәрігерге жүгіну қажет. Қызылша медициналық көмекке кеш жүгінген және қоса жүретін ауыр аурулар болған жағдайда өлімге алып келуі мүмкін пневмония (өкпенің қабынуы), бронхит, энцефалит (ми қабығының қабынуы) сияқты асқынулардың асқынуымен қауіпті. Бұдан басқа, жол жүруді, саяхатқа шығуды жоспарлаған кезде азаматтарға бару жоспарланып отырған елдегі инфекциялар бойынша эпидемиологиялық жағдайды білу және қорғаныш шараларын қабылдау, қызылша жағдайы кезінде вакцинация алу ұсынылады. Тұмаудың және басқа да респираторлық вирустық инфекциялардың маусымын және қызылша бойынша жағдайды ескере отырып, медициналық ұйымдарда эпидемияға қарсы іс-шаралар және дезинфекциялық режим (науқастарға келуді шектеу, бетперде кию режимі, кварцтау режимі, ауа алмасымы) күшейтілді.Валентина ҚОЗЫБАҚОВА