©
«Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры Жәнібек Нұғмановтың басқа жұмысқа ауысуына байланысты «Өзенмұнайгаз» АҚ бас директоры болып Есен Өтеев тағайындалды. [caption id="attachment_76748" align="alignleft" width="389"] Сурет ozen.kz алынған[/caption] Жаңа кадрлық өзгерістер туралы «Өзенмұнайгаз» АҚ мәжіліс залында өткен жиналыста хабарланды. Жиынға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары Жақып Марабаев, Жаңаөзен қаласының әкімі Әділбек Дауылбаев, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» мұнай-газ секторы жетекшісі Абат Нұрсейітов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма мүшесі Дәулетжан Хасанов, сондай-ақ компанияның басшылық құрамы мен еңбек ұжымы қатысты. - Жәнібек Қайырбекұлы үлкен ұжыммен жақсы тіл табысып, өте нәтижелі еңбек етті, көптеген көрсеткіштердің жақсаруына қол жеткізді. Барша еңбек ұжымының атынан Ж.Нұғмановқа атқарған адал қызметі үшін алғысымды айтамын. Есен Өтеев өндірістің қазанында піскен нағыз тәжірибелі, майталман маман. Бұл саланы өте жетік біледі. Ол «Өзенмұнайгаз» АҚ стратегиялық жоспарын жасақтап, өнімді жұмыс істейді деген сеніміміз мол, - деді Жақып Марабаев. Есен Өтеев 1966 жылдың 18 ақпанында Түрікменстан республикасы, Балқан уалаятында дүниеге келген. 1981-1985 жж Небит-Даг мұнай техникумын, 1997-2003 жж Ақтаудағы Ш.Есенов атындағы мемлекеттік университетті бітірді. Еңбек жолын 1989 жылы «Небитдагнефть» мұнай өндіру басқармасында слесарь-жөндеуші болып бастайды. 1989 жылы аталған басқармада механик болып істейді. 1990 жылы Өзен кенорнында қабат қысымын сақтау операторы, шебер болып жұмыс жасайды. 1992 жылы Қабат қысымын сақтау цехы бастығының орынбасары болады. №1 МГӨБ өндірістік-техникалық бөлімінде жетекші инженер, қабат қысымына технологиялық сұйықтық айдау цех бастығы, 2000 жылы ОИТҚ жетекшісі, 2004 жылы №1 МГӨБ ОИТҚ жетекшісі, 2007 жылы №3 МГӨБ бастығы, 2008 жылы МДжӨҚКБ бастығы, 2011 жылы директордың өндіріс жөніндегі орынбасары, 2012 жылы директордың бірінші және өндіріс жөніндегі орынбасары, 2016 жылдан күні бүгінге дейін бас директордың өндіріс жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарды. Үйленген, жұбайы екеуі үш бала тәрбиелеуде.