Қазақ – қабырғалы халық, текті жұрт. Қаны таза, ары таза халықтың ұлттық коды жоғалмақ емес. Бұл қазақ атамның басына нешебір қилы замандарда талай-талай түнерген қара бұлт үйірілді, тар қапас, тағдырлы замандар, дүрбелеңді дәуірлер болды. Соның бәрінде арғымағын ойнақшытып, тұлпарын тебініп, ұлы күрескерлік рухын жоғалтпай, қиындықтан суырылып шыға білді, ұлыларының ұлағатын ұрпақтары ұға білді. Мұндай туабітті гені өміршең, жасындай жарқылдап, елдігін, бірлігін жоймаған пассионар ұлттың тірегі пассионар тұлғалар болатыны белгілі. Пассионар тұлғалар ешқашан өздерінің қара басының қамын күйттемей, ұлты мен жұрты – қасиетті қазақ халқының баянды болашағы, елі мен жері, тілі мен рухы, ділі (салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, мінез-құлқы, ұлттық болмысы) мен дінінің бекемдігі жолында бел шешіп күреседі. Өз тағдырын жел өтіне тастап, әлгі айтқан ұлттық құндылықтар үшін білімі мен білігі, парасаты мен пайымы, ақыл-ойы мен айла-тәсілін ел ертеңі, ұлан-ұрпақтың баянды ғұмыры жолында сарп етеді. Алаштың арыстары қазақ мемлекеттігін құру, біртұтас жеріміз бен ана тіліміздің келешегі жолында шейіт кетсе, арғы-бергі бабалардың қанымен, өшпес рухымен қорғалған ұлы даланы аманаттаса, Ержан хазірет Төлегенұлы сынды ұлт руханиятының, діни-теология ілімінің ғұламалары ата дәстүрмен ұштасқан ислам дінінің ұрпаққа ізгілік себуі жолында жан аямай күресті, ұлттық ұлы идеалдарды мәңгілік етуге «ғалымның хаты өлмес» дегендей елеулі еңбек, құнды жазбалар қалдырды.
Жуырда ғана Астана қаласында Еуразия университетінде өткен «дін тұғыры және ілім қайнары» атты республикалық ғылыми-практикалық конференцияны университет ректоры, ҚР ҰҒА академигі Ерлан Сыдықов ашып, осынау игілікті істің бастауында болған атпал азаматтарға, облыс басшылығына ризашылығын білдірді. Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында имандылық пен дәстүрді тең ұстаудың маңыздылығын атап өткенін негізге алған ректор Ержан хазіреттің ұлттық дәп-дәстүр, дін тазалығы, шариғат жолы, оқу-тоқу, кеңестік қанды қасаптан аман қалуы, жолсызда жол тауып, қараңғыда имандылық нұрын себе білген қасиетін әспеттеді.
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов діни ғұламаға арналған ғылыми-тәжірибелік конференцияның, қос кітаптың тұсаукесері облыс орталығында да кең ауқымда өткенін айта келіп, ректор Ерлан Батташұлына хазірет еңбектеріне ғылымисараптамалық шара өткізуге ізгі ниет білдіргені үшін алғысын жеткізді. Алдағы уақытта Ержан Төлегенұлы еңбектері бойынша хрестоматия құрастыру, деректі фильм түсіру, жоғары курстарда студенттерге хазірет ілімін үйретіп, орта мектептерде факультативтік сабақтар өткізуді қолға алудың қажеттігіне тоқталды. Сүбелі дүниелердің жастарды отансүйгіштікке, бауырмалдыққа, имандылыққа, асқақ рухқа тәрбиелеудегі, олардың қоғамдағы түрлі ағымдардың ықпалында кетпей, дұрыс жолды таңдауы үшін, яғни тәуелсіз еліміздің, Елбасының «рухани жаңғыру» бағдарламасы идеяларының жүзеге асуында айрықша маңызы бар екендігін атап өтті.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы өкілі Бауыржан Есмахан: «Ержан хазірет Бұхарада білім алып, кейін үш рет ұсталып абақтыға қамалса да, халқына діни білімді үйретуден бас тартпаған. Бұл оның пәнидегі ғана емес, жұмаққа, ақиретке баратын жолын да жеңілдетеді. Ғұламалар – пайғамбарлардың мұрагері, олар ғылымды, білімді мұра қылып қалдырады. Елімізде деструктивті ағымдарға еріп кеткен талай жерлестеріміз бар. Олардың тура жолдан адасуы жүрек білімінің ұмыт болуында. Қай кезде жүрек, пейіл таза болса, адамның әрбір айтқан ісі әрі діни қағидаларға, әрі еліміздің заңдарына, әрі адамгершілік ұстанымдарға сай келеді, дәстүрлі діннің ақ жолына түсуге жол ашады» деп өрелі әңгіме қозғады.
Осы ретте Ержан хазірет кітабының тұсауын кесу рәсімі болып, облыс әкімі Е.Тоғжанов пен республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ө.Озғанбаев, ғалым С.Негимов пен «Ержан хазірет» қоғамдық қорының төрағасы, іргелі істің ұйымдастырушысы әрі демеушісі Бисенбек Нұржігітұлының атсалысуымен жүзеге асты.
Конференция барысында бірнеше баяндамалар тыңдалды. Атап айтқанда, «рухани жаңғыру және Ержан хазірет тағылымы» (баяндамашы – республикалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, тарих ғылымының докторы), «алаш мұраты және дәстүрлі дін тұғыры» (баяндамашы – Дихан Қамзабекұлы, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры, ҚР ҰҒА академигі), «Ержан хазіреттің діни-танымдық кеңістігі» (баяндамашы – Досай Кенжетай, Қ.А.Ясауи атындағы қазақ-түрік университетінің ғылыми орталық директоры, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор), «Ержан хазірет мұрасы: парасат пен пайым» (баяндамашы – Серік Негимов, ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының докторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері), «Ержан хазірет еңбектері – ұлттың діни танымы айнасы» (баяндамашы – Айнұр Әбдірәсілқызы, ҚР мәдениет және спорт министрлігінің дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, профессор), «Ержан Төлегенұлының рухани қазынасы: зерттеу міндеттері» (Төрәлі Қыдыр, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Түрксой кафедрасының профессоры, филология ғылымдарының кандидаты), «Ержан хазірет шығармаларындағы кемелдік» (баяндамашы – Кеңшілік Тиышхан ЕҰУ дінтану кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, профессор), «тұлға және қолжазба құндылығы (Ержан хазірет туындылары бойынша) (баяндамашы – Ақжігіт Әлібекұлы, ЕҰУ шығыстану кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, профессор), «Ержан хазірет еңбектеріндегі исламның ғылыми негіздері» (баяндамашы – Сәмет Оқанұлы, ЕҰУ дінтану кафедрасының доценті, phd).
Сонымен қатар мемлекет және қоғам қайраткері, Маңғыстау облысының құрметті азаматы Зейнолла Алшымбаев, мемлекеттік елтаңба авторы, сәулет профессоры Жандарбек Мәлібекұлы, ҚМДБ Маңғыстау облысы бойынша өкіл имамы, Бекет ата орталық мешітінің бас имамы Смайыл Сейітбек, ақын, Қазақстанның еңбегі сіңген қайраткер Сабыр Адай, дінтанушы Марат Себасов тартымды сөз сөйлеп, бүгінгідей алмағайып дәуірде ұлт пен ұрпақтың дәстүрлі санасезімін қалыптастыру, ұлттық болмысымыз бен қадір қасиетімізді сақтай білудегі Ержан хазірет Төлегенұлының рухани жауһар дүниелерінің тағылымдық және тәрбиелік рөлінің ерекше екендігін мысалдар арқылы тұжырымдады. Баяндамашылар мен сөйлеушілердің барлығы да көп игілігіне айналғалы отырған көзайым дүниені жеткілікті таралыммен шығарып, насихаттау, сол арқылы дін-шариғат-дәстүрдің құндылықтарын бағалай білудің қоғам мен ел өміріндегі маңызын паш етті.
Ең бастысы, Ержан атамыздың мол рухани мұрасы Бисенбек Нұржігітұлы сынды мәрт болмысты ініміздің ерен қимылы арқылы қалай кітап болып басылса, бұл іске облысымыздың зиялы, ұлтжанды басшысы Ералы Лұқпанұлы өзі жедел араласып қолдау білдіріп, республика ғалымдарының талқысына алып шықса, елдік іске Еуразия университеті ректоры бастаған ғалымдар, салалық министрлік атсалысқан болса, бұл бүтіндей алаш жұртының, тәуелсіз мемлекетіміздің рухани бірлескен, келелі де кемел табысы емес пе?! Ендеше, халқымызға ортақ мұраларды ел кәдесіне жаратып, «Мәңгілік ел» болуға ұмтылыста ләйім басымыз бір, жүректегі иманымыз кәміл болғай деген тілек бар.
Аталмыш шараға Маңғыстау облысынан арнайы делегация барып қатысып, мерейлі оралды.
Ғалым ӘРІП
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="66404,66402,66407,66403,66405,66406,66408"]