Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен теңіз жағасында жыл сайын игі дәстүрге айналған «Денсаулық» фестивалі өтті. Фестивальге денсаулық сақтау саласының мамандары, ерікті жастар мен қала тұрғындары қатысты.
Теңіздің таңғы ауасы адамға ерекше күш-қуат сыйлайды. Ал теңіз жағасындағы таңғы жаттығу – өзіңізді күні бойы сергек, өмір бақи сау сезінуіңіздің кепілі. Биылғы «Денсаулық» фестивалі де бұрынғы дағдыны бұзбады.
Ерікті жастар мен қала тұрғындары бірге таңғы жаттығу жасады. Фестиваль тұрғындарға салауатты өмір салтын ұстанудың, дұрыс тамақтанып, спортпен айналысудың маңыздылығын тағы бір рет еске салуды мақсат етеді. Ұйымдастырушылар халық арасында денсаулық сақтау туралы дұрыс дағдысы қалыптасқан, білімі толысқан тұрғындардың санын арттыруды мұрат тұтты.
Теңіз жағалауында адам денсаулығының сақшылары таңғы сағат 8-ден түскі 12-ге дейін профилактикалық тексеріс жүргізді. Әр тұрғын қан қысымын, холестерин мен глюкоза мөлшерін анықтатып, тегін кеңес алды.
«Мен күнде таңертең теңіз жағасына жаттығу жасауға келемін. 4 жылдан бері күреспен шұғылданамын. Бүгін жеке жаттығуымды тастап, осы топқа қосылдым. Біз, жастар, елдің болашағы болғандықтан, өз денсаулығымызға жақсы қарауымыз керек. Сонымен қоса спорт адамды жаман жолдан, ішімдіктен, нашақорлықтан сақтайды. Достарымды да спортқа баулып, жанымнан тастамауға тырысамын», – дейді Ақтау қаласының тұрғыны Азамат Күзембаев. Биылғы фестиваль «Денсаулық сандарына жет» деген ұранмен өтті. Ақ халаттылар 12 мүшеңіз сау болу үшін күніне 10 мың қадам басуыңыз керектігін, жарты келі көкөніс пен жеміс-жидек жеуіңіз қажет екенін еске салды. Сондай-ақ күнделікті ас мәзіріңізде 5 грамнан көп тұз, 50 грамм жаңғақ пен 2 литр су міндетті түрде табылуы керек.
Осылайша елдің салауатты, еңбекке жарамды азаматы болу аса маңызды.
Тойгүл НҰРЖАНҚЫЗЫ
Көрнекі сурет әлеуметтік желіден алынған