«Астанада өткен ЭКСПО-2017 көрмесі баламалы, «таза» энергия саласындағы дамудың қаншалықты қарқынды екенін көрсетті. Бүгінде әлем бойынша өндірілетін электр энергиясының төрттен бірі жаңартылатын энергия көздеріне тиесілі».
(ҚР Президенті Н.Назарбаев. «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері»)
Маңғыстауда «Жасыл апта» экологиялық апталығы өтті. Ақтау қаласындағы «Ақбота» қалалық саябағынан басталған шара, тақырыбынан байқалып тұрғандай, туған жердің тазалығына, болашақ ұрпақтың қамына арналды. Оны Маңғыстау облысы әкімдігінің қолдауымен облысымыздағы «Expo&Women» халықаралық ұйымының филиалы ұйымдастырды. Маңғыстау облысындағы «Expo&Women» 2015 жылдың маусым айында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен елдің үкіметтік емес ұйымы ретінде құрылған болатын. Оның басты міндеті — қоршаған орта, инновация және EXPO үшін әйелдер бастамаларын біріктіру. Ал бұл — «Жасыл экономика» және «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы бойынша Қазақстан Республикасының өтпелі тұжырымдамасын іске асыруда, сондай-ақ, барлық халықаралық EXPO көрмелеріне белсенді қатысуда тұрақты және инклюзивтік дамуда әйелдердің және әйелдер қозғалыстарын тартудың жаңа тұжырымдамасы.
Апталық аясында облыс орталығындағы Ассамблея үйінде экологиялық форум өтті. Оны Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» ЗТБ басқарма төрағасы Айгүл Соловьева ашып, жүргізіп отырды. Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Қазақстан Жолдауы аясында аймақтың индустрияландыруындағы әйелдердің жетістіктері мен әлеуетін көрсетуді мақсат тұтқан ұйымдастырушыларға КЕАҚ (НАО) «Жасыл технологиялар және инвестициялық жобалардың халықаралық орталығы», G-Global Халықаралық хатшылығы, ЕҚЫҰ-нің (ОБСЕ) Астанадағы кеңсесі, ЗТБ (ОЮЛ) жасыл экономикаға арналған коалиция және G-Global-ды дамыту» ұйымдары қолдау көрсетіп, өкілдер өз ойларын ортаға салды.
Форум барысында «Маңғыстау облысында кәсіпкерліктің «жасыл экономиканы» жүзеге асыруға қосқан үлесі, «Таза Каспий-Таза Жүрек» бастамашыл бағдарламасының алғашқы нәтижелері туралы, Каспий экожүйесін сақтау, Қазақстандағы бірегей павловния ағашын бейімдеудің ғылыми-әдістемелік негізі, «Бекет ата», «Шопан Ата» қасиетті орындарына жасыл технологияларды енгізу және экотуризмді дамыту бойынша бастамалар және Ақтау қаласында Жасыл технологиялар орталығын құру секілді маңызды мәселелер көтеріліп, талқыланды. Сондай-ақ энергияны тиімді ететін және энергияны үнемдейтін технологияларға инвестицияларды ынталандыру, ішкі экотуризмді дамытудың жаңа тәсілдері, ауыл шаруашылығындағы және өнеркәсіптік өндірістегі экологиялық инновациялар жайы да басқосудың өзекті тақырыбы болды.
Форумда әйелдердің іскерлік, ғылыми, білім беру және әлеуметтік қызмет саласындағы ең үздік әйелдердің бастамалары мен жобаларын анықтау арқылы аймақтың индустрияландыруына әйелдердің үлесін ынталандыруға мүмкіндік беретіндей ұсыныстар қабылданып, жасыл технологияны дамытуға байланысты бірқатар меморандумдарға қол қойылды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА