"Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылында 100 орындық жатақхана ашылды. Екі ғимараттан тұратын жатақхана бюджет саласының қызметкерлеріне арналған", - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жатақханада ас үй, жуынатын бөлме, кіреберіс және зат сақтайтын қоймамен қатар тұрмысқа қажеттілердің барлығы бар.
Жалпы құрылыс алаңы шамамен 2,5 мың шаршы метрді құрайды. Жатақхана маңайы абаттандырылған, жаяу жүргіншілер жолына асфальт пен кеспе тастар төселген.
«Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінің бірінші бастамасында: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» деп атап өткен болатын. Бүгінгі аудандағы жасалынып жатқан шара соның айғағы деп білемін. Сонымен қатар, осы компания 2017-2018 жылдар аралығында Маңғыстау ауылынан кітапханасымен бірге 500 орындық мәдениет үйі, Маңғыстау ауылында 160 орындық дене шынықтыру– сауықтыру кешенінің құрылысы мен Маңғыстау-5 елді мекенінен 15 шақырым автокөлік жолының құрылысына 3 миллиардтан астам қаражат бөліп, Мұнайлы ауданының әлеуметтік дамуына өз үлестерін қосуда», – деді шараға қатысқан Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Жоба құны - 840 миллион теңге. Жатақхана құрылысы бір жылға жетер жетпес мерзім ішінде аяқталды.
«Бұл жатақхана «НКОК» компаниясы үшін маңызды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалар шеңберінде салынды. Себебі Консорциум міндеті жергілікті жұртшылықтың қажеттіліктерін тікелей қамту. Сонымен қатар, Консорциум бұл аймақтарда әлеуметтік жобаларға үлкен қажеттілік бар екенін ескере отырып, Маңғыстау және Атырау облыстарында бірқатар қосымша жобаны жүзеге асыруда», – дейді «NCOC» компаниясының басқарушы директоры Бруно Жардэн.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қыркүйек айында осы Мұнайлы ауданындағы Қызылтөбе мен Басқұдық ауылдарында мектеп ашылмақ.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ