©
Биыл техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға 3317 орын мемлекеттік білім беру гранты бөлінеді. Оның 512-сі жұмысшы мамандарды даярлауға берілмек. Сонымен қатар 2018 жылы мектеп пен колледждің бітіруші түлектеріне өңірге қажетті 39 мамандыққа облыс әкімінің 50 гранты тағайындалды. Бұл грантқа 5-10 тамыз аралығында құжат қабылданып, 11-15 аралығында комиссия отырысы өтеді.
Бұл гранттардың «бармақ басты көз қыстымен» емес, ашық және әділ бөлінуін қадағалау үшін биыл конкурстық рәсімдерге Арнайы мониторингтік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы мобильдік топ мүшелері қатысатын болады. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің жанынан жұмыс жасайтын мұндай топтар грант бөлу ісінің әділдігіне мән беретін болады. Бұл туралы бүгін білім беру ұйымдары өкілдері қатысқан отырыста айтылды.
Жиында Агенттіктің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрайымы Нұргүл Жанназарова гранттарды бөлу кезінде сыбайлас жемқорлық фактілерін болдырмау, конкурстық комиссияның ашықтығы мен комиссия құрамына қоғам өкілдерін белсенді қатыстыру бойынша мәселелерді көтерді.
«Айта кетерлігі, білім саласына бөлінген қаражат жыл сайын артып келеді. Осы ретте қоғамдық бақылауды күшейту білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың ең тиімді механизмдерінің бірі болып табылады», - дейді Н. Жанназарова.
Оқу орындарына білім беру грантын бөлу бойынша комиссия құрамына кәсіпкерлер де қатысуға мүмкіндік алып отыр. Үкіметтік емес сектордағы азаматтар да тәуелсіз бақылаушылар ретінде қатыса алады. Сондай-ақ коммиссияның құрамына азаматтық қоғам өкілдері, кәсіпкерлер, академиялық және академиялық қоғамдастық, БАҚ өкілдері мен блогерлер кіреді. Кездесуге қатысушылар, болашақ жұмыс беруші ретінде іскерлік құрылым өкілдерінің қатысуы да маңызды екенін атап өтті.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Көрнекі сурет сайттың архивінен