Ақтауда «Ойлы жас» тәлімгерлік мектебінде ашық есік күні өтті. Бұл мектеп Астананың 20 жылдығы қарсаңында 6 шілде күні өз есігін айқара ашқан болатын. Салтанатты ашылу рәсіміне Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов қатысып, жаңа оқу ордасының жұмысына сәттілік, шәкірттеріне ақ жол тіледі.
Мектептің негізгі мақсаты – жасөспірімдер мен жастар арасындағы әдебиетке деген қызығушылықты арттыру, шешен сөйлеу мен шебер жазуға үйрету. Өлең, мақала, эссе жазуға, мәнерлеп оқуға және шешендік өнерге бейім 2-11 сынып оқушыларының шабытын шыңдап, талабын тасыту.
Қазіргі қоғамда жастар арасындағы рухани тәрбиені арттыру, оның ішінде әдеби кітаптарды оқыту, тіл тазалағын сақтауға үйрету – кезек күттірмейтін мәселе. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының маңызды тұсы да осы. Бұл «Ойлы жас» мектебін ашудағы түпкі негіз болып табылады.
«Ойлы жас» мектебі Маңғыстау облысы аумағындағы оқушыларға мектепке қосымша білім-тәрбие беруді қолға алды. Сабақтың дені – шығармашылық бағытта. Ғимарат 3 қабатты, бір мезетте 48 баланы қамтуға арналған оқу сыныптары, әдеби-танымдық кітапхана және ауыл балалары үшін жатақхана мүмкіндігі қарастырылған.
Мектеп өлкемізге белгілі журналист, республикалық «Жастар» сыйлығының иегері, қаламгер Бауыржан Әнуарбектің жеке күшімен ұйымдастырылып, есігін ашуда.
- Менің мұндай ұлы да қиын істі жас та болсам, қолға алуымның негізі – бала күннен ата-анамның және ардақты ұстаздарымның шығармашылық жолда көрсеткен үлкен көмегі деп білемін. Кішкентайымнан қара өлеңге қалам тартып, баспасөз беттеріне мақалаларымды жариялап, әр түрлі деңгейдегі байқаулардан жүлде еншілегенім – тілімді ұстартып, жол сілтеген ұстаздарымның арқасы. «Ауылда туып, Астанаға қанат қағар» өз өлкемнің жастарына рухани тәрбие бере отырып, болашағына жол сілтеуді мақсат тұттым. Бала күнімде өзіме ұстаздарым көрсеткен сара жолды, енді өзімнен кейінгі іні-қарындастарыма ұсынбақпын. «Әдебиет – ардың ісі», демек, арлы-намысты ұрпақ тәрбиелей алсам – ол менің үмітімнің ақталғаны. Бала болашақта қандай мамандықтың иесі болса да, бәріне ортақ бір ғана азаматтық міндет бар, ол – өз ана тілінде сауатты жазып, сауатты сөйлей білу. Осы аса жауапкершілікті іс және оны адал, абыройлы атқарамын деп сендіремін, - деді өз сөзінде Бауыржан Әнуарбек.
Бауыржан Әнуарбектің шығармашылық жолы Ұштаған ауылындағы орта мектептің қабырғасынан қалыптасты. Мектеп қабырғасында-ақ 70-тен астам аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі сайыстарда аты озып, облыс оқушылары арасында тарихта тұңғыш рет республикалық деңгейде жыр-жинақтары шыққан оқушы ретінде көпке белгілі. Негізгі мамандығы – қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі. Еңбек жолын Ұштаған орта мектебінде мұғалімдіктен бастап, жергілікті телеарнада – тележүргізуші-редактор, сонымен қатар, облыстық денсаулық сақтау басқармасы, жергілікті полиция қызметінде баспасөз хатшысы болып қызмет етті.
Бүгінгі таңда мектепте 35 оқушы бар. Балаларға сөз өнері мен әдеби тұрғыда тәлімгерлік ететін ұстаздар сапында, талайлы талантты шәкірттердің жолбасшысы болған, жоғары дәрежелі ұстаз Жиде Жеткізген, Бауыржан Әнуарбек және мәнерлеп оқу, шешендік өнер бойынша сабақ беруші тәлімгерлер, 2 іс жүргізуші маман, 1 жоғары білімді тәрбиеші бар. Сондай-ақ штаттан тыс мейірбике және психолог маман жұмыс жасайды.
- Балалардың оқу мерзіміне тоқталсақ, ауыл балалары үшін: жатақханада 10 күн толықтай жатып оқу, 1 ай немесе 2 ай бойы үйден қатынап оқу мүмкіндігі бар. Осы таңдағы алғашқы шәкірттеріміздің дені – ауыл балалары. Себебі қыркүйек-мамыр айлары аралығында ауыл-аймақтан Ақтауға қатынау қиын болғандықтан, жаздыкүні ауыл балаларын көбірек қабылдаудамыз. Оқушыларға үй типтес жатақхананы тегін ұсындық. Тамақтандырылуы жолға қойылған. Қала балаларына жыл бойы қатынап оқуға мүмкіндік бар. Барлық оқушылар үшін түскі ас тегін, - деді басшы.
Сонымен қатар, мектепте оқу бағдарламасынан тыс мәдени-танымдық іс-шараларға, оның ішінде мұражайларға, бұқаралық ақпарат құралдарының ұжымына саяхаттар тұрақты ұйымдастырылуда. Кешкі уақытта руханият-мәдениет, әдебиет тақырыбындағы деректі фильмдер көрсетіледі. Сананы сергітуге арналған тренингтер, ойындар ойнатылып, оқушылар үшін еркін орта қалыптастырылған. Балалар күніне кем дегенде 2 сағатын кітапханада өткізеді. Әдебиет алыбы Абайдан бастап, қазіргі заман ақындарының шығармаларын оқу үстінде.
«Ойлы жас» мектебінің жоспары бойынша, тамыз айының аяғында Қоғам және мәдениет қайраткері, бар қазақтың баласының басын қосқан баспасөз құралы – республикалық «Айгөлек» журналының бас редакторы, ақын-журналист Қымбат Әбілдақызының ынталандыру сабағы өткізілмек.
Балалардың қаламынан туған дүниелерді облыстық, республикалық баспасөз құралдарында жариялау жолға қойылып, шығармалар топтамасы дайындалады.
Балаларды қабылдау күн сайын 9.00-20.00 аралығында демалыссыз мына мекен-жайда жүргізілуде: Ақтау қаласы «Шығыс-3» шағынауданы, «Арман» қонақүйінің 3-ғимараты «Ойлы жас» тәлімгерлік мектебі. Байланыс: 8747-244-17-96
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР, Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="58781,58782,58783,58784,58785,58786"]