Маңғыстау облысы аумағы мен Каспий жағасында туризм саласы бойынша үлкен құрылыс нысандары тоқтаусыз жүргізіліп келеді. Жалпы ұзындығы 1450 метрді қамтитын аралықта тынымсыз жұмыс жасалып жатыр. Соның бірі "Жар асты жолы" жобасы – жағалау бойлап, халық серуендеп, шаммен безендірілген, тарихымызды дәріптейтін бейнелер қашалған тастармен көмкерілген демалыс жайы. Жұмыс барысына назар аударып, қарқынын байқап көру мақсатында жұмысшылармен жүздесіп, көңілін тауып тілдесіп қайтқан едік.
- Бұл саяхатшыларға арналған жолақтың құрылысы жоспар бойынша уақытылы орындалып, біраз аумақты мерзімінен асырып та жасадық. Ауа-райының ыстығына қарамай, белімізді бекем байлап, 10 техника мен 120 жұмысшы шаруа атқарып жатырмыз. Құрылысқа қажетті заттардың барлығы, тіпті бояуына дейін Қазақстанда жасалған. Жолға төселетін тастардың 1500 шаршы метрін төсеп тастадық. Таңертең ертемен іске кірісіп, түскі уақытта сәл үзіліс жасап, кеш түскенше жан саламыз, – деп Ермұхан Сәбиев сөзін тәмамдады.
Жұмысшылардың жағдайын бақылап қайтқан соң «Нұрсат» ЖШС құрылыс компаниясының басшысы Мақсат Мурсимұлы:
– Маусым айында бастаған құрылыс нысанының жалпы ұзындығы бір жарым шақырымға жуық, тамыз айында өтетін халықаралық саммитке дейін 30 пайызын, яғни 500 метр аумағын аяқтағалы отырмыз. Қалған бөлігін толықтай 2020 жылға дейін жоспарлап, тапсырамыз деген ниеттеміз. Кез келген тұрғыдан қарасақ та, бұл кешен халыққа өте тиімді, теңіз жағасында серуендеп, демалып қайтуға әсем мекен болады. Туризм саласын одан әрі дамыта түсуге ықпалы зор. Халықаралық саммит кезінде бес мемлекеттің президенті бас қосып, демалыс орнына келеді деп күтілуде. 4-шағынаудан мен 15-шағынаудан арасы осылайша көркеймек, – деп дерек берді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Құтқарушылар ескертеді: теңіз жағалауында рейд жүрді (ФОТО, ВИДЕО)Марат Сюников сызбасын жасаған демалыс орнында бүгінгі күнді тарихпен байланыстыратын қашалған тастар жетерлік. Ежелгі балбал тастардың мүсінін қалап, жардағы көне кейіптер бабалардың асқақ рухын сомдағандай.
15-ші шағынаудан тұсындағы жағалау жанынан кең көлемдегі концерттік бағдарламалар мен түрлі мерекелік шаралар кезінде көрермендерге ыңғайлы етіп амфитеатр салынуда. 300-ден аса жұмысшы жұмылдырылған кешен құрылысы қызу жүргізілу үстінде.
– Жұмыс бағыты өте қарқынды жүріп жатыр. Мұнда Ақтау қаласының халқы мен демалуға келген қонақтарға тынығу үшін барлық жағдай жасалады. Салынып жатқан сахнаның ұзындығы 70 метрді құрайды, жұртшылыққа көру үшін ыңғайлы етіп көше биіктігінен 4 метр төмен орналастырдық, 4 тұстан көлеңкелейтін шатырлар дайындалуда, теңіз толқыны шамадан тыс асып кеткен жағдайда кешенді қорғап қалатын арматур жалғау арқылы құйылған арнайы бетон бар. 48 мың шаршы метрге тас төселуі тиіс, оның 25 мыңын аяқтап үлгердік. Жалпы нысанды қыркүйек айында бітіреміз, – деп, құрылыс аумағының басшысы Қаныбек Байжанов жұмыс жайынан хабардар етті.
Бір сөзбен айтқанда жағалау бойы дала мұражайынан кем түспес, ел-жұрттың көзайымы болып, туризм бағытын ілгерілетіп, келешекте қала халқының мақтанышына айналары сөзсіз. Тарих пен осы күнді сабақтастыра алатын, танымды кеңейтер нысанның жұрт игілігіне жарарына сенім мол.
Мадияр ТӨЛЕУОВ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="58161,58162,58167,58166,58164,58165,58163"]