©
Ақтау қаласы қоғамдық кеңесінің 20-отырысы қалалық мәслихат сессиясымен бірлікте өткізіліп, оның жұмысына қала әкімі Ғ.Ниязов қатысты. Біріккен отырыстың күн тәртібінде қаралған негізгі мәселе «Қалалық мәслихаттың 2017 жылғы 15 желтоқсандағы №12/137 «2018–2020 жылдарға арналған Ақтау қаласының бюджеті туралы» шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» болып, оның мән-жайын қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі басшысы Ж.Түркменбаева түсіндірді.
Оның айтуынша, 2018 жылға арналған қала бюджетінің нақтыланған жобасы кірістер бойынша – 30 868 934,1 мың теңге, шығыстар бойынша – 30 629 752 мың теңге, таза бюджеттік кредиттеу 3 178 785,5 мың теңге көлемінде анықталды.
Жергілікті бюджет қаражатының қайта қаралуына Каспий маңы мемлекеттері басшыларының қатысуымен Ақтауда өтетін саммитке байланысты іс-шараларды атқару себеп болған. Ағымдағы жылдың мамыр айында облыстық бюджетті нақтылау барысында сол мақсатта жалпы сомасы 2 295 550 мың теңге қаражат бөлінсе, 2018 жылдың 5 шілдесінде ҚР Үкіметінің №408 «Қазақстан Республикасы Үкіметінің шұғыл шығындарға арналған резервінен қаражат бөлу туралы» қаулысымен жалпы соммасы 3369312,9 мың теңгені құрайтын нысаналы трансферттер, соның ішінде 1 024 000 мың теңге – қаланың 15-шағынауданының жағалау аймағын абаттандыруға және Ақтау қаласының автожолдарын орташа және ағымдық жөндеуге 2 345 312,9 мың теңге бөлінді. Сондай-ақ қалалық бюджеттің кіріс бөлігіне жер учаскелерін сатудан түсетін түсімдердің жылдық жоспарының 137%-ға асыра орындалуына байланысты саммитке бөлінген қаражатқа жергілікті бюджеттен қосымша 167 961 мың теңге бөлінді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Маңғыстау облысы инвестиция тарту бойынша 3 орындаАталмыш бюджеттік қаражатқа келесі іс-шараларды орындау көзделіп отыр: 202 600 мың теңге – ANKAI маркалы отандық өндірістің (Қостанай) 48 орындық 5 электроавтобусын сатып алуға, 423 282 мың теңге – PR ғимаратынан арнайы халыққа қызмет көрсету орталығына дейін, Достық үйіне, жаңа айналмалы жол конструкциясына дейінгі жол бойындағы аумақты көгалдандыруға, 343 567 мың теңге – ескі көше шамдарын светодиодты энергия үнемдеуіш шамдармен ауыстыруға, 282 272 мың теңге – әуежайдан қалаға дейінгі және №24, №3, №7, №16А автожолдары бойындағы көше жарықтандыру тіректерін жарықтық безендіруге, 51 368 мың теңге – қаланың 26 көше қиылысындағы 37 ескі бағдаршам ауыстырылады.
Қоғамдық кеңес отырысында қаланың өмір-тынысына қатысты басқа да мәселелер қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Жиын соңында қала әкімі қорытынды сөз сөйлеп, жиналғандарды атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырып, алда тұрған міндеттер туралы айтты. Әсіресе халықаралық маңызға ие Каспий маңы елдері басшыларының саммитін Ақтау қаласында ойдағыдай өткізу үшін дайындық жұмыстарын тиянақты тындыру жағына ерекше назар аударды.
Өз тілшіміз