Бүгін Маңғыстау облысының әкімдігінде «Форт-Шевченко» маңында жел электр станциясын салу бойынша ынтымақтастық меморандумға қол қойылды. Құжатқа аймақ басшысы Ералы Тоғжанов пен «South Wind Power» ЖШС-нің бас директоры С.Парцикян және «Horgos Jiuhe SilkBridge New Energy Co., Ltd компаниясының өкілі Huang Cheng қол қойды.
Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, инвесторлар қуаты 2,5 кВт құрайтын 17 жел генераторларын орнатып, құрылыс кезеңінде 70 адамды жұмыспен қамтамасыз етпек. Сондай-ақ, инвестиция көлемі 60 млн. долларды құрап отыр.
«Жел станциясы құрылысы «жасыл экономикаға» көшуге, қоршаған ортаға зиян келтірмейтін инновациялық технологияларды жүзеге асыруға және электр энергиясының қажеттіліктерін қанағаттандыруға көмектеседі. Түпқараған ауданында 375 гектар жердегі 42 МВт жел қондырғысының құрылысы басталмақ. Жел станциясының құрылыс жұмыстары тамыз айында басталады», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Жобаға жаңартылатын энергия көздерінің пайдалану мен орналасуы бойынша жоспар енгізіліп, жер телімін рәсімдеу шаралары қабылданды. Сонымен қатар, «Маңғыстау электр желілерін бөлу компаниясы» АҚ-мен желілеріне қосылу туралы келісім жасалып, есеп айырысу және қаржы орталығымен сатып алу туралы келісімге де қол қойылды.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың 1 мамырында күн электр станциясы іске қосылған болатын. Бұл туралы сайтта жазған едік. Күн электр станциясы Мұнайлы ауданының Батыр ауылында ашылды. Ол қуаты 2 МВт тоқ өндіреді. Сондай-ақ, 8-мыңнан аса күн панельдері орналасқан станция 36,05 га алып жатыр. Ал, панельдерді жасауға қазақстандық кремний қолданылды. Аталған станция 300-ге жуық үйді экологиялық таза электрмен қамтамасыз етуде. Сонымен қатар, отандық өнімдерден құралған тұңғыш күн электр станциясы. Жобаның ашылуына өңір басшысы Ералы Тоғжанов пен Мұнайлы ауданының тұрғындары қатысқан еді.
Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН