Ақтауда 12 тамызда өтетін Каспий маңы мемлекеттері басшыларының саммитіне дайындық жұмыстары қызу жүруде.
Халықаралық шара қарсаңында қалада күндіз-түні құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. Олардың ішіндегі ең бастысы - бірін-бірі толықтыратын, әрі бір мезгілде қатар жасалып жатқан екі объекті: «Жартастағы соқпақ» жобасы мен 15 мың адамға арналған амфитеатр құрылысы.
Олардың алғашқысы - төменгі шағынаудандарғы теңіз жағалауында жартастарды жағалай төселіп жатқан 1,5 шақырым жаяу жүргіншілер жолы.
Жоба жетекшілерінің айтуынша, сүрлеу жолдың бойында 24 шолу алаңы, балық аулайтын жерлер, суға түсу орындары мен шағын су көліктері тұрақтайтын аялдамалар салынбақ. Осы жартастың түбіндегі бұрын қоқысқа толып, пайдаланылмай жатқан ұзындығы – 70, ені – 60 метр үңгір де композицияны толықтыра түспек. Қазір үңгір іші тазаланып жатыр. Жоба бойынша онда арнайы жарық беруші проектордың көмегімен үңгірдің қабырғаларында Маңғыстаудың тарихынан сыр шертетін суреттер мен фильмдер көрсетілетін болады.
Теңіз жағалауында жүріп жатқан екінші объект – биіктігі – 8, ені – 70 метрлік амфитеатр.
Құрылысы сәуір айында басталған амфитеатрда түрлі концерттер мен мерекелік кештер өткізілмек. Теңіз жағалауында тынығу үшін қала тұрғындары баспалдақпен төмен қарай түсетін болады. Сондай-ақ жағалауда тарихтан сыр шертетін композициялар мен мүсіндер қойылады. Жалпы аумағы 2 шақырымға жуық. Жоба бойынша 9 ай салынуы тиіс құрылыс 4 айдың ішінде Ақтауда өтетін халықаралық маңызды шараға орай тамызда бітеді.
Саммитке дайындық қарсаңында орталық көшелерге қала тұрғындары мен қонақтарына жол көрсетіп, бағыт-бағдар беретін тақтайшалар орнатылуда. Ақтау қаласы әкімдігі инстаграм парақшасында хабарлағандай, әр қиылыста 8 тақтайшадан, жалпы алғанда 40-тан астам қиылыста 375 жол көрсеткіш белгілері ілінбек.
«Ақтауда саммит қарсаңында барқытгүл, қырмызы гүл, түрік қалампыры сынды 5 миллион гүл егіледі. 10 шақырым жол бойына тал мен гүл егіліп, қала жасыл желекпен көмкерілмек. Шаһарға кіре беріс тұсқа биіктігі 8-9 метр болатын гүлмен өрілген құмыра композициясы орнатылды. Көгалдандыру жұмыстарына республика қазынасынан 823 миллион теңге бөлінген», - деп хабарлады 24.kz сайты Ақтау қалалық ТКШ бөлімі басшысының орынбасары Қайрат Ақыбаевқа сілтеме жасап.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан, Ресей, Әзербайжан, Түрікменстан мен Иран президенттері бастаған бес ел делегациясы қатысатын, 5-ші рет өткізілгелі тұрған Каспий саммиті Ақтау қаласында 12 тамызда өтеді деп белгіленді. Мәртебелі қонақтарды орналастыру үшін Ақтаудағы 5 жұлдызды 6 бірдей қонақ үй дайындалып жатыр.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН