«25 шілдеден бастап қалаға кіреберісте орналасқан №20 жол полициясы бекеті маңындағы жол айрығынан бастап Ақтау халықаралық әуежайына дейінгі автожол жабылады. Онда асфальтбетонды жабындысына «Редживасил» жасарту қоспасы жағылады», - деп хабарлады Ақтау қаласының әкімдігі өзінің инстаграм парақшасында.
Жоспар бойынша, ұзындығы 12 шақырым жолдың жөндеу жұмыстары 30 шілдеде аяқталады.
Бұл әуежайға баратын бірден-бір тіке жол болғандықтан, қала басшылығы жолаушылардың әуежайға Ақшұқыр, Сайын Шапағатов ауылы арқылы қатынай алатынын ескертті.
Сонымен қатар Ақтау қаласының өзінде бірақатар жолға орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 23 шілде күні қала әкімдігінен Honda автоорталығына дейінгі ұзындығы 1,6 шақырым жол жабылып, асфальт қалдықтарынан тазалау және асфальт төсеу жұмыстары жүргізу басталған еді.
Сол сияқты 24 шілде "Виктория" қонақ үйінен "Астана" сауда орталығына дейінгі ұзындығы 1,1 шақырым автожол ішінара жабылды. Мұнда 2 тәулік бойы асфальт беті қырылмақ.
Айтып өтейік, қазір Ақтауда Каспий маңы елдері мемлекет басшыларының 5-ші саммитіне дайындық қызу жүруде. Күні кеше Маңғыстау облысының әкімі Е. Тоғжанов, ірі компаниялардың жетекшілері, мердігер компания өкілдері қатысқан дайындық барысын талқылауға арналған жиын өтті. Онда шаһар басшысы Ғалымжан Ниязов Ақтауда 16,6 шақырым жол жөнделетінін мәлімдеді. Әзірге оның 5,1 шақырымы жаңартылып үлгерген.
Бұдан бөлек 190 мың шаршы метр жолға асфальтке төселетін арнайы «Редживасил» сұйықтығы жағылады. Гидрооқшаулағыш ерекшелігі бар материал жолды ылғалдан қорғауы тиіс. Сөйтіп орталық жолдардың асфальтбетонды жабындысына жақсартып жасартатын қоспаны қолдана отырып жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Мұндай жолдар кемінде екі жыл жөндеуді қажет етпейді.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті Ақтау қаласының әкімдігі ұсынды