Жуырда өңірдегі инфрақұрылымды жақсартудағы бес жылдық жоспарға сәйкес «Бір белдеу – бір жол» бірлескен жобасын, «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Серік Аманғалиев пен Қытай делегациясымен кездесті.
Қонақтар жайғасып, өзара саулық сұрасқаннан соң Серік Қалешұлы:
«Бүгінгі жиын - Қазақстан Республикасының президенті Н.Ә.Назарбаев пен Қытай Халық Республикасының басшысы Си Цзиньпиннің бастамасымен құрылған достық қарым-қатынастың жалғасы», - деп атап өтті.
Өз кезегінде қытай елі делегациясының басшысы, Ляньюньган қаласының бас хатшысы орынбасары Сюй Юэтин:
«Ақтау қаласына келуіміз – біз үшін өте үлкен құрмет, мәртебе! Ұлы теңіздің жағасында орын тепкен әйгілі қаланың даму қарқыны таңқалдыруын қояр емес! Ақтау мен Ляньюньган қалалары арасындағы ресми байланыс пен сауда жөніндегі қарым-қатынасын одан әрі нығайта түсу – мақсат», - деп ізгі лебізін білдірді.
Бұдан бөлек, Қытай делегациясы Қарақия ауданындағы Құрық портына барып, инфрақұрылыммен танысты. Құрылыс жұмыстарымен қатар, жүк тасымалы қарқыны артып жатқаны көзге түсті. Қытайлықтар бұл жерге ерекше назар аударып қана қоймай, Ляньюньган портынан бастау алатын тасымал Еуропа, Кавказ, Парсы шығанағы елдеріне бағытталғанын айта отырып, келешек Құрық портының да ісіне сәттілік тіледі! Ляньюньган порты трансқұрлықтық көпірді дамыту, қалыптастыру үшін маңызды байланыс орнататын аймақ екенін ескере отырып, Құрық портына мән беруі келешектегі келелі жұмыстың бірі боларына сеніміміз мол.
Сөз соңында Қытай делегациясы Маңғыстау делегациясының болашақта іссапармен Ляньюньган қаласына келеріне сенім білдірді. Облыс әкімінің орынбасары С.Аманғалиев шақырту үшін алғыс білдіріп, Ақтау қаласының 2009 жылдан бері Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиясының Қарамай қаласымен іскерлік қатынаста екенін еске салды.
Кездесу соңында Ляньюньган қаласының бас хатшысы орынбасары Сюй Юэтин Серік Қалешұлын биыл қыркүйек айында Синьцзян қаласында өткелі жатқан «Қытай-Евразия» ЭКСПО көрмесіне шақырды. Әріптестік шеңберінде мемлекеттік-жеке меншік, энергетика саласында өз қызметтерін ұсынуға даяр отандық инвесторларды кеңінен таныстырып, Маңғыстау облысында инвестициялық сала кеңінен дамып келе жатқаны сөз болды.
Әлем – адамзат мекені, сол мекенді елдің игілігі үшін жарата білу де өнер. Халықтар достығы жасай берсін!
Мадияр ТӨЛЕУОВ
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН