Мамыр айының мамыражай бір күнінде «Тиген» елді-мекенінің шығысында ел «Әулиелі жал» атап кеткен қазақтың аты аңызға айналған батыры Құлбарақ ата мәңгілік қоныс тапқан қорым басында Беріш ата ұрпақтары бас қосып, ас берді. Астың басты міндеті – Құлбарақ әулиеге тағзым етіп, алыс-жақыннан жиналған жұртқа ел тарихынан, бабалар ғұмырынан келер ұрпаққа тарихнама ұсыну.
Жас ұрпақты елдікке, елі мен жерін сүюге баулып, тәрбиелеу мақсатында ел шетіне жау келгенде қар жамылып, мұз жастанған бабалар жөнінде баяндауға ел ақсақалдары сөз алды. Ел ағалары Құлбарақ батыр өмір сүрген ғасырдағы қазақ халқының бастан кешкен оқиғаларынан шежіре шертті. Алдағы болашақтың еншісіне біраз жоспарлар жасалды. Құлбарақ сынды әулие, әрі батыр тұлғалардың есімін мәңгі есте сақтап, олардың ұрпақ болашағы үшін жасаған ерліктерін өшпестей ұрпақ санасында қалдыру мақсатында осындай сауабы мол істердің жыл сайын жалғасын табуын қадағалап ізеуірттеп отыру қажеттігін көпшілік талқысына берді. Сөз алған ақсақалдар Бектұр Төлуғалиев, Тілеген Кенжебеков, Табылды Әміров және Маңғыстаудағы Беріш ата қорының төрағасы Жанарыс Мамаевтар Құлбарақ ата басындағы өз ойларын ел бірлігіне тіреп, ел болашағы төңірегінде ой толғады.
Сонымен қатар қорым басында тарихи ескерткіштердің сақтау, олардың бұзылмауы үшін жасалатын іс-шаралар жоспарланып, оны келер күннің еншісіне қалдырды. Ас беру барысында Құлбарақ ата рухына бағышталып құран оқылды, ел ата басынан үлкен рухпен қанаттанып тарасты.
Ерекен ҚОРАБАЕВ,
журналист