©
Кеше облыс әкімдігінде аймақ басшысы Ералы Тоғжановтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде көктемгі егіс жұмыстарын өткізу барысы, балалардың жазғы демалысы мәселелері қаралды. Жиынға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, аймақ басшысының орынбасарлары, облыстық басқарма мен мекемелердің, кәсіпорындардың басшылары қатысып, аудан әкімдері онлайн қосылды.
Аппарат мәжілісінде облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл егін шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтарының саны биыл 119-дан (2017 жылы) 132-ге артқанын хабарлады. Өлкеде егін шаруашылығының алқабы 70 гектарға кеңейген.
– Жергілікті халықты азық-түлік өнімдерімен қамту мақсатында суармалы жердің көлемін осы жылы 1100, оның ішінде тамшылата суару әдісімен қолдануды 900 гектарға жеткізуді жоспарладық. Облысымызда егін шаруашылығына 4 бағытта субсидия беріледі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша облыста 27 жылыжай жұмыс жасайды. Егіс алқабы 2016 жылмен салыстарғанда 6,6 гектарға ұлғайды. Өткен жылы егін шаруашылығына бөлінген 61 млн. теңге қаржы толықтай игерілді. Биыл бұл саланы дамытуға 80 млн. теңге бөлініп отыр, – деді Серік Сырымұлы.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов егін шаруашылығын дамытуда өз мүмкіндіктерін пайдалана алмай отырған қала мен аудандарды сынға алып, тапсырмалар берді. Жиында ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан айтылған деректер аудан әкімдерінің мәліметтеріне сай болмағандықтан аймақ басшысы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мен әкімдіктердің арасында байланыстың жоқтығын айтып, бірлесе жұмыс жасауды жүктеді.
Жиында облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлыбек Қойжанов балалардың жазғы демалысы қалай өтетіндігінен хабардар етті. Оның айтуынша, облыста 1–10-сынып аралығында 122 089 оқушы бар. Балалардың жазғы демалысы сауықтыру және еңбекпен, танымдық шығармашылық, спорттық, туристік, интеллектуалдық, тілдік шаралармен қамту бағыттарында ұйымдастырылады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Бала туу жөнінен Маңғыстау облысы елімізде көш бастап тұр– Оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру бағытында 242 сауықтыру орыны жұмыс жасайтын болады. Жазғы сауықтырумен бірінші кезекте әлеуметтік санаттағы балалар қамтылады. Бүгінде облысымызда осындай санаттағы 11708 бала бар. Еңбекпен, танымдық шығармашылық, спорттық, туристік, интеллектуалдық шаралармен 116 823 оқушы қамтылады. Жергілікті бюджеттен балаларды сауықтыруға және еңбекпен қамтуға 326,2 млн. теңге қаралды. Теңіз жағасындағы жабылған лагерьлерді қайта жаңғырту арқылы қолданысқа енгізу бойынша жұмыстар жүргізілген болатын. Ақтау қаласында орналасқан «Морячок», «Самал», «Аққу», «Ивушка», «Толқын» демалыс орындары және Маңғыстау ауданы, Онды селосында орналасқан бұрынғы лагерь ғимараттарын қалпына келтіруге жұмыстану үстіндеміз, – деді Нұрлыбек Көбейсінұлы.
Ол өз сөзінде «Ивушка» демалыс орнын және Ондыдағы ескі ғимаратты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігі аясында балалар демалыс орнына айналдыруға инвесторлар жұмыстанып жатқанын жеткізді.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бағытында да жауапты басшыларға бірқатар тапсырма берді.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Басты сурет сайттың архивінен