Өңірде аумағы 1500 шаршы метрден астам 52 сауда объектісі өрт қауіптілік деңгейі аса жоғары ретінде тіркелген. Олар жыл сайын тексеруден өткізіледі. Дегенмен төтеншеліктер мамыр-сәуір айларында Бас прокуратураның тапсырмасымен жоспардан тыс тексеріс өткізіп, әрқайсысынан 10-нан 30-ға дейін бұзушылық тапқан. Жалпы тексеру нәтижесі бойынша 637 бұзушылық анықталған. Солардың ішінде сауда бутиктері, контейнерлер, қоймалар, кондитерлік цехтар, жалпы 30 объектіде автоматты өрт дабылы болмаса, 9 объектіде автоматты өрт сөндіру жүйесі жоқ болып шықты.
Бұл 52 объектінің 41-і Ақтау қаласында, бесеуі Жаңаөзенде, үшеуі Бейнеу ауданында, қалған екеуі - Маңғыстау және Мұнайлы аудандарында орналасқан.
Тексерілген объектілердегі негізгі бұзушылақтарға мыналар жатады: қорғаныш плафонсыз шамдарды қолдану (5,6%); электр кәбілдерін бұрамастан жалғау (5,4%); тез жанатын ағаш құрылымдар мен стеллаждарды өртке қарсы өңдеуден өткізбеу (4,8 %); автоматты өрт сөндіру техникасының ақауы (4,5 %); шығу жолдарын әртүрлі заттармен бөгеу (4,5 %); қызметкерлерді нұсқаулықтан өткізбеу (3,9 %); автоматты өрт дабылына техникалық қызмет көрсетілмеу (3,1 %); ЖСҚ дайындамастан және бекітпестен ғимаратқа өзгерістер енгізу (2,8%); бастапқы өрт сөндіру құралдарының түгел болмауы (2,6%); ішкі және сыртқы өрт сөндіруге арналған сумен қамту жүйесінің ақауы (2,3 %).
– Тексеру нәтижесінде орындау мерзімі көрсетіліп, ұйғарымдар берілді. 51 заңды тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, 40 тұлға 1 млн. 871 мың теңге айыппұл салынып, 11 заңды тұлғаға ескерту берілді. Бұзушылық кездеспеген бірде-бір сауда орталығы болмады, – деді Маңғыстау облысы ТЖД бастығы Қуанар Базарбаев.
Сауда кешендеріне бұзушылықтарды жою үшін 1-3 ай аралығында мерзім берілген. Төтеншеліктердің айтуынша, маусым айында қайта тексеру өткізеді. Егер өрт қауіпсіздігі әлі де сақталмай отырса, материалдар сотқа жіберіледі. Былтыр Ақтаудағы «Қазақстан» және Жаңаөзендегі «Жібек жолы» сауда үйлерінің ісі сотқа жолданған.
- Қазір Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 482 бабы 1 бөлігі бойынша сот айыппұл салуға немесе сауда үйінің қызметін тоқтатуға өкілетті. Бұрын сауда орнының қызметін уақытша тоқату арқылы айыппұл салынатын, - деп атап өтті Маңғыстау облысы ТЖД басшысының орынбасары Мұрат Мұқанов.
Естеріңізге сала кетейік, 25 наурызда Ресейді Кемерово қаласында сауда орталығы жанып, ресми дерек бойынша 64 адам көз жұмған еді. Көрші елде болған осы трагедиядан кейін ҚР Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев құзырлы органдарға сауда орындарын тексеруге тапсырма берген еді.