Аймағымызда салауатты өмір салтын қалыптастыруға бағытталған жоспарларға бюджеттен қаржы бөлу, кәсіпкерлік қолдауларды ұйымдастырумен қатар шетел инвестициясын тартуға ерекше көңіл бөлінуде. Осы үрдіспен биыл көктемде Бейнеу ауылының орталығында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру орталығы кешені құрылысы басталды.
Жоба-сметалық құны 200 миллион теңгелік бұл құрылысқа «Норт-Каспиан-Оперейтинг» компаниясының инвестициясы тартылған. Құрылысқа тапсырыс беруші «Маңғыстауқұрылысинвест» ЖШС мен құрылыстың бас мердігері «Тупкараганстройсервис» ЖШС жасасқан келісімшарт бойынша биыл 5 наурызда басталған кешен құрылысы 2019 жылы 5 қыркүйекте пайдалануға берілуі тиіс.
Құрылыс келісімшартта көрсетілген уақытта қолға алынып, бүгінгі таңда жаңа ғимараттың ірге тасын құю жұмыс кестесіне және сапа талаптарына сай жүргізілуде. Бұл жұмыстарға жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің құрылыс алаңына орнатқан жаңа үлгідегі ЗЗ-60 маркалы көшпелі кіші зауытында дайындалған өнімдері пайдалануда. Бұл құрылыс материалының жылдам әрі сапалы дайындалуына мүмкіндік беріп отыр.
- Жаңа үлгідегі техникаларымыз, құрал-жабдықтарымыз жеткілікті, - дейді кешен құрылысын жүргізуге жауапты маман Кенжебек Ералиев. - Ал құрылысшыларымыз негізінен Бейнеу тұрғындары болғандықтан, оларды өзіміздің автобусымызбен таңертең жұмысқа алып келіп, кеште үйлеріне жеткізуді жолға қойдық. Еңбек тәртібі мен техника қауіпсіздігін сақтауға енжарлық танытуға жол бермейміз. Бұл нысан құрылысы кестеге сай жүргізіліп, келісімшартта көрсетілген мерзімде пайдалануға тапсырудың алғы шарттары болып табылады.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Менің биік дәрежем – «Момышұлының келіні» атағыЖаңа спорт кешені пайдалануға берілгеннен бастап волейболшыларымыз бен баскетболшыларымыз, күреспен айналысатын спортшылар жаңа мүмкіндікке ие болады. Спортшылардың жанкүйерлері ойындарды тамашалап отыратын орындар жаңа үлгіде жабдықталады. Сондай-ақ дене шынықтыру кешенінде болатын түрлі жарыстарды қол арбаға таңылған мүгедектер де өздеріне арнап жабдықталған орында отырып тамашалай алатын болады. Халқымыздың спортпен шұғылдану мүмкіндіктері айтарлықтай ұлғаяды.
Қ.НАЗАРҰЛЫ