Жуырда облыс әкімінің орынбасары Руслан Сакеевтің төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі комиссиясының отырысы өтті.
Отырыстың күн тәртібінде Маңғыстау облысының табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға дайындығы, тілсіз жау – от пен судағы қауіпсіздік, халықты қорғайтын тәжірибелі мамандардың, озық технологиялардың әзірлігі және т.б. өзекті мәселелер қаралды.
Алғашқы сөз кезегін алған облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Манарбек Мұханбетов «Каспий теңізі жағалауында орналасқан жағажай, демалыс базаларындағы судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету» тақырыбында баяндама оқыды. Ол өткен жылы тіркелген қайғылы оқиғалар, төтенше жағдайларды болдырмау мақсатында атқарылған шаралар және жоспарланған жұмыстар туралы айтты.
«Департаменттің құрылымына кіретін «Жедел құтқару жасағы» ММ құтқару станциясының міндеті – облыс көлемінде авариялық құтқару жұмыстарын жүргізу, суда зардап шеккен адамдарға көмек көрсету және төтенше жағдайлардың алдын алу болып табылады. Аталған міндеттерді мінсіз атқару үшін Ақтау, Форт-Шевченко қалаларында, Құрық селосы және «Кендірлі» демалыс базасында 4 жедел-құтқару бөлімшесі жұмыс істейді. Жеке құрам 56 адаммен қамтылған, 18 жүзу құралы, 13 техника, сүңгуір және құтқару қондырғылармен жабдықталған. Жадырап жаз келіп, суға түсу маусымы ашылғанда құтқарушылардың жұмысы қыза түсетіні белгілі. Бүгінде Каспий теңізі жағалауында 3 жағажай аймағы, 5 балалар ақшатыры және 22 демалыс базасы орналасқан. Бұл жағажайларда халықтың демалу қауіпсіздігін бақылау үшін 18 құтқарушы, 22 медициналық қызметкер, 27 қайық, 8 шолу мұнарасы және 214 құтқару құралдары бар. Өкінішке қарай барлық қайғылы оқиғалар судағы қауіпсіздік талаптарын сақтамау салдарынан орын алады. Статистикаға көз жүгіртсек, өткен жылы 19 адам суға кетіп, 33 адам құтқарылды», – деді М.Мұханбетов.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: 70 жылдан соң табылған сарбазОның сөзінше, қайғылы оқиғаларды алдын алу мақсатында суға түсу кезіндегі қауіпсіздік туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарламалар жасалып, мерзімді басылымдарда мақалалар жарияланады. Онымен қоса құтқару станциясының қызметкерлері қала, аудандық мектеп оқушыларына суға түсудің қауіпсіздік ережелерін егжей-тегжейлі түсіндіріп, сақ болуға шақырып, ескертулер жасап отырады. Сөз соңында Манарбек Хамидоллаұлы жағажай орындарында бейнебақылаулар орнатуды, жеке құрам санын көбейтуді, теңіз жағалауында орналасқан елді мекендерде қоғамдық орындар жасақтауды және қолайсыз блокконтейнерлерде орналасқан «Жедел құтқару жасағы» ММ құтқару станциясы ғимаратының құрылысына қаржы бөлуді ұсынды.
Ал облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары Мұрат Мұханов өз баяндамасында 2017 жылы облыс көлемінде орын алған дала өрттері туралы айтып, алдағы уақытта мемлекеттік өрт сөндіру бөлімдері жоқ елді мекендерде өрт бекеттерін ашуды жандандыру, космостық талдау жасауды енгізу сынды көкейтесті мәселелер төңірегінде сөз қозғады.
Комиссия отырысы соңында облыс әкімінің орынбасары баяндамашылардың ұсыныстары ескерілетінін айтып, суға шомылу және өрт қауіпті кезеңдерінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі нақты тапсырмалар берді.
Ханым ҚУАТ Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ