©
Елбасы Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты биылғы Қазақстан халқына жолдаған Жолдауы мен Астана қаласына 20 жыл толуын негізге ала отырып «Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы (оңалту орталығы)» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде концерттік шара ұйымдастырылды. Аталмыш шараға оңалту орталығында ем-домын алып жатқан балалар ән айтып, би билеп, өнерлерін ортаға салды. Балалар мен қызметкерлердің орындауында «Атамекен», «Ұшады Маңғыстаудан шағалалар», «Тұсау кесер», «Қазақ қызы» әндері шырқалса, балалар Отан, туған жер туралы мақал-мәтелдері мен тақпақтарын айтып, қонақтар мен ата-аналарды қуантып тастады.
– Бүгінгі шараның негізгі мақсаты Елбасының «Рухани жаңғыру» атты мақаласын насихаттау және Астана қаласының 20 жылдығын атап өту. Осындай мерекелік шаралар арқылы балаларды отансүйгіштікке, патриоттық тәрбиеге, татулық, достық, ынтымақ, жалпы алғанда ұлттық нақышта тәрбие алуына баулимыз. Біз балаларға күнделікті емінен басқа әрбір мерекеге деген көзқарасын, мерекені сезінуін өнер арқылы дарытқымыз келеді. Әрбір үш ай сайын қызмет алушы балаларымызды қабылдап, олардың деңгейіне қарай, өнерлерін дамытып, жұмыстанамыз. Біздің орталықта бұндай шаралар ұдайы ұйымдастырылып отырады. Балалар дарынды, ерекше. Жыл басында бекітілген жоспар бойынша барлық баланы шараларға қатыстырып отырамыз, – деді директордың әлеуметтік істер жөніндегі орынбасары Айгүл Сарина.
Оңалту орталығының мақсаты мүмкіндігі шектеулі мүгедек балалар оның ішінде сөйлеу аппараттары бұзылғандар да, ақыл-есі тежелген балалар да бар немесе басқа ішкі ағзаларында кемістік бар мүгедектігі бар балалар он сегіз жасқа дейін осы жерде ем ала алады. Бұл жерде түрлі мамандар, яғни бала дәрігері, невропотолог, физиотерапевт, емдік дене шынықтыру, уқалаудың түрлері, тоқпен емдеу, диффектолог, логопед, музыка терапевті, тәрбиеші, мейірбике секілді барлық мамандар балалардың сауығып кетуіне ат салысып, бір кісідей жұмылып жұмыс жасап жатыр.
Оңалту орталығы 2017 жылы 417 баланы қамтыса, биыл 420-430 баланы қамту көзделіп отыр. Бала саны көбінесе, жаз мезгілдерінде бір айналымда 40-50 балаға дейін қамтимыз. Орталық Маңғыстау облысы бойынша балаларды қамтып, оларға тегін қызмет көрсетеді. Алты мезгіл тамағы, әртүрлі емдік шаралары бар. Таңертең балалар емін алып, үйлеріне кетуіне немесе осында жатып емделуіне, ия болмаса кешкісін, жексенбі күндері алып кетулеріне рұқсат беріледі. Бұл жерде қалай емделем десе де бала мен ата-ананың қалауында. Ем алу мерзімі - 21 күн. Кейін бала үш ай демалғаннан соң қайта орталыққа келіп ем-домын жалғастыра ала алады.
- «Көзіме бір қарасаң ұғар едің. Жүрегімде не сырлар жатқандығын» демей ме? Мұндай балалар өмірге құштар келеді. Балалардың көзінен өмірге құштарлықпен жанарларынан жарқын ұшқынды байқаймыз. Балалардың жанарына қарап отырып, көп нәрсені сезінуге болады. Балаларға емдік шарадан басқа, аялы алақан мен жүрек жылуы ерекше қажет, – деп атап өтті директордың әлеуметтік істер жөніндегі орынбасары Айгүл Сарина.
2011 жылдан бері балаларды қабылдап жұмыс жасап келе жатқан орталық балаларының денсаулығына алаңдаған ата-аналардың жүректеріне үміт пен болашақтарына сенім ұялатып, жылы алақандарымен, ыстық ықылас ниеттерімен, жұмсақ тілдерімен күтіп алып, алғысқа бөленіп келеді.
Анар ҚАЛЖАН,
ҚР Журналистер одағының мүшесі