©
Ел басына күн туған қилы замандарда халқымызды сақтап қалған ынтымақ пен бірлік екені баршамызға белгілі. Адамзат тарихында болған зобалаң жылдарда елім, жерім деп өткен батыр бабаларымыз қайсарлықтың, шыдамдылықтың, ауызбіршіліктің үлгісін көрсетіп, келер ұрпағына Тәуелсіздікті тарту етті. Бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның басты байлығы да – көпұлтты халқының татулығы. Берекені бетке ұстаған басы бір ел егемендік жылдарындамізде тарих толқынында тоғысқан түрлі этнос өкілдері бір шаңырақ астында ынтымақтастықта тату-тәтті ғұмыр кешіп жатыр.
Біз елімізде жыл сайын тойланатын Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесі қарсаңында өзге ұлт өкілдерінің жастары арасында сауалнама жүргізген едік.
Айлазат ҒАЗИБЕКОВА,«Ала-тоо» қырғыз этномәдени бірлестігінің мүшесі:
1. Үлкендерден естіп білгеніміздей, біз өткен ғасырда түрлі себептермен тентіреп, жер аударылғанымызда осы киелі Маңғыстау жеріне келіп, табан тіредік. Нәубет жылдарды бастан өткеріп, қиын жағдайда отырған қазақ халқы өзге ұлт өкілдеріне жүрегінің кеңдігін, көңілінің дарқандығын білдіріп, бізді қанатының астына алды. Тағдырдың тәлкегіне ұшырап, сырттан келген өзге ұлттарды бауырына басып, ежелден бойына сіңген қасиеттері – қонақжайлылық, бауырмалдылық танытты. Сөйтіп, біздің әкелеріміз бен аналарымыз да осы елге, жерге сіңісіп, қазақтармен бірге тұрмыс кеше бастады. Біз тарихи Отанымыздан алысқа кетсек те, өзге елде өгейлік көрген жоқпыз. Тәуелсіз елде өсіп-өндік, жапырағымыз жайқалды, өрісіміз кеңейді. Қазақстанда өмір сүріп, өз тілімізді, салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрыптарымызды, ұлттық болмысымызды жоғалтпай, сақтап келеміз. Егемендігін еншілеп алған Қазақ қазақтар елінде ауызбіршіліктің арқасында 130-ға жуық түрлі ұлт өкілдерімен бірге тату-тәтті ғұмыр кешіп жатырмыз. Татулық пен тұрақтылық салтанат құрған елде білім алуға, еңбек етуге, жан-жақты болуға, ізденуге, өсіп өнуге барлық мүмкіндік бар. Бірлік, татулық сынды егіз ұғымдар әрбір ұлт үшін қастерлі де қасиетті екені анық. Ендеше, барымызды бағалай білейік!
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Иммундау жайлы алты жалған пікір2. Мен алғаш мектеп табалдырығын аттаған жылы қазақ сыныбына бардым. Көршілерім де қазақтар болды. Достарымның арасында өзгеге қарағанда қазақ арқасында ұлтының өкілдері басым. Жақын араласатын құрбы-құрдастарымның қыз ұзату, үйлену және тағы да басқа тойларына барып, тәлім тәрбиесі, тағылымы мол қазақтың салт-дәстүрінің көрінісін талай көрдім. Бұл жоралғылар біздің салт-дәстүрге ұқсағанымен өзіндік ерекшеліктері де бар. Мен белсенді жас болғандықтан өзге ұлт өкілдерімен бірге еліміздің басқа өңірлеріне шығып, саяхаттап, түрлі шараларға қатыстым, аралас құралас болдым. Осындайда қазақ тілін білу – достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы деп білемін. Мемлекеттік тіл – біздің ортақ құралымыз, қарым-қатынас тілімізге айналды.
Достарым әртүрлі ұлт өкілдері болса да бір-біріне қамқор, жанашыр, тілекші. Бір-бірінің басына қиындық түссе, бөліседі, қуаныш болса ортақтасады. Біздің тіліміз басқа болғанымен, тілегіміз бір, жүзіміз басқа болғанымен жүрегіміз бір. Мен бүгінде Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде әлеуметтік ғылымдар факультетінде білім алып жатырмын. Мұндағы ұлттар достығы – өнеге, халықтар достығы – көпке үлгі деп ойлаймын. Барша қазақстандықтарды мерейлі мерекемен құттықтаймын! Ортақ шаңырағымыздың ырыс-несібесі ортаймасын!
Шахноза МОЛОТОВА, «Ақтау ұйғырлары» ұйғыр этномәдени бірлестігінің мүшесі:
1. Біздің ортақ Отанымыз Қазақстан – әлемге әр қырынан, соның ішінде көп ұлтты мемлекет ретінде де танылды. Барлық ұлттардың терезесі тең, керегесі кең, мүдде-мақсаты бір, еркін еңбек етуіне, қандай да бір кәсіппен шұғылдануына мол мүмкіндік бар. Осы жарқын істердің көрінісі бірліктің, тыныштықтың, елдің амандығының арқасы деп білемін. Қазір әлемнің кейбір елдерінде халықтар мен ұлттардың арасындағы достық қарым-қатынас, байланыс үзілген, тыныштық бұзылған. Біздің елдегідей болашаққа сенімділіктен гөрі күмән мен қауіп-қатер басым. Қазақтың пейіліндей дарқан даладан пана тауып, бірге бауырлас болып кеткен ұлттар бір шаңырақтың астында бейбіт, мамыражай күн кешуде. Әртүрлі ұлт пен ұлыс еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуына, көркеюіне, гүлденуіне атсалысып келеді. Қоғамның қай саласын алып қарасаңыз да, ара ласып-құраласып, ымырашылдықта, түсіністікте еңбек етіп жүрген әртүрлі ұлт өкілдерін көресіз. Бірлікке ұйыған ұлттар қиын-қыстау заманның қиындығын бірге еңсеріп, еліміздің баянды болашағы мен жасампаздықтың жарқын жолында еселі еңбегі мен қажыр-қайратын сарп етті. Ел дамуындағы оң өзгерістер, алға басу, биікке өрлеу – ұлттар арасындағы татулықтың, қоғамдық келісімнің үлгісі деп білемін.
2. Менің ата-анам ұйғыр болса да, мемлекеттік тілді жақсы біледі. Әкем қаржы саласында жұмыс істесе, анам – тігінші. Ата-анамыздың тілді білуі, көршілеріміздің, достарымыздың қазақ болуы біздің осы тілді меңгеруімізге септігін тигізді. Мен өзім білім алған Ақтау қаласындағы №6 орта мектепте бастауыш сыныптарға ағылшын тілі пәнінен сабақ беремін.
2002 жылы мектебімізде директор болған Валентина Ястремскаяның бастамасымен кішігірім Ассамблея құрылған. Сол уақыттан бері аралас мектептің қабырғасында көп ұлттардың достығы мен ынтымағын жарастыратын тағылымды шаралар жиі ұйымдастырылып келеді. Қазіргі таңда мектебімізде 20-ға жуық ұлт өкілі білім алып жатыр. Мектепте мерекелік, оқу-тәрбиелік шаралардың, сабақтардың барлығы ұйымшылдықпен, ауызбіршілікпен өтеді. Бір ғана мектептің өзінен ұлттар арасындағы татулықты, достықты көруге болады.
Тұтастық пен тұрақтылықтың туын биікке көтеріп, елдігімізді нығайта түсетін атаулы мерекемен баршаңызды құттықтаймын! Береке-бірлігіміз берік болып, ырыс-ынтымағымыз нығая берсін!
Дерек пен дәйек:Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ