©
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов бастаған делегация Түрікменстанның Балқан уәлаятына барды. Делегация құрамында құрылыс индустриясы, азық-түлік, жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу, туризм, сондай-ақ Атемекен Кәсіпкерлер палатасы, «Каспий» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы және «Ақтау теңіз порты» АЭА-ның өкілдері қатысты. Бұл туралы Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
2017 жылға қарай Түрікменстанмен Маңғыстау облысының сыртқы сауда айналымы жалпы сауда көлемінде 4,6 млн. долларды құрады, оның ішінде экспорт - 1,6 млн. доллар, импорт - 3 миллион доллар. Маңғыстау облысында қара және түсті металл сынықтарын, азаматтық құрылыс, құрылыс тасын өндіруді көтермелеуде түркімен капиталының қатысуымен 4 бірлескен кәсіпорын тіркелген.
Қазақстан-Түрікменстан бизнес-форумы аясында Маңғыстау облысы мен Балқан уәлаятының кәсіпкерлері кездесті. Түрікмендік кәсіпкерлер Маңғыстаудан дәнді дақылдар сатып алуға қызығушылық танытып, арадағы экономикалық байланысты одан әрі дамытуға әзір екендерін айтты. Сондай-ақ кәсіпкерлер ауыл шаруашылық өнімдерін делдалдарсыз тікелей өндірушілерден сатып алу туралы келіссөз жүргізді. Ақтау трансформатор зауыты өз өнімдерін тікелей Түркіменстанға жеткізу туралы келісім жасасуға ниетті. Форумның қорытындысы бойынша 13 бағытта ынтымақтастық туралы ұсыныстар жасалды.
«Ең алдымен, өнеркәсіптік секторға, әуе қатынасын, көліктік логистиканы, шағын және орта бизнесті дамытуға қатысты ұсыныстар қаралды. Маңғыстау облысы мен Балқан уәлаятының екі елдің дамуына көмектесетін әлеуеті зор. Біздің ұсыныстар базасы түркімен тарапынан қаралып, жауап берілетін болады. Біз екіжақты қатынастарды дамытуға дайынбыз», - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, кездесу кезінде көліктік-логистикалық хабты дамыту мәселесі талқыланған. Шығыс Еуропаны Орталық Азиямен, Солтүстік Еуропаны Парсы шығанағы елдерімен байланыстыратын «ТРАСЕКА» және «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық көлік дәліздері Маңғыстау облысының аумағы арқылы өтеді. Қазақстанның батыс қақпасы ретінде «Ақтау порты» АЭА еліміздің әлемдік тауар нарықтарына шығуын қамтамасыз ететін маңызды рөл атқарады. Бұл туралы Маңғыстау делегациясының Түрікменбашы халықаралық сауда портына жасаған сапары барысында айтылды.
«Біздің теңіз порттары Азия мен Еуропа арасындағы бірегей буферлік мүмкіндікті пайдаланып, өзге елдерге жүк жіберуі қызметін кеңейтуі қажет. Бұл бағытта «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы халықаралық DP World компаниясымен келісім жасасты. Сондай-ақ биыл автокөлік жолдарына техникалық-экономикалық негіздеме әзірленбек. Ал ұсыным қабылданса, қыркүйек айында Кендірлі-Түрікменстан шекарасына дейінгі автокөлік жолын салуды қолға аламыз. Бұл 164 км жолдың 4-санаты. Түрікменстан тарапы аталмыш ұсынысты қолдауға ниетті», - деді Ералы Тоғжанов.
Түркіменстанға сапары барысында Маңғыстаулық делегация екі облыстың тауар өндірушілері ұсынған көрмеге қатысып, бизнес-қауымдастық өкілдерінің бірқатар екіжақты кездесулері өтті. Сонымен қатар, екі елдің арасында шағын футбол командалары арасында достық кездесу ұйымдастырылды.
Сапар соңында «Шекара талғамайды достық әні» атты екі жақты бірлескен концерт өтті. Оған Мұрат Өскінбаев атындағы Маңғыстау облыстық филармонияның «Ақжарма» фольклорлық ансамблі, би тобы, әнші солистері, өнер шеберлері қатысты. Шара барысында облыстық тарихи өлкетану музейінің қолданбалы қолөнер көрмесі ұсынылды.