©
Маңғыстау әйелдерінің көпшілігі тігінмен, соның ішінде, көрпе-төсек, ұлттық киімдер тігумен, киіз бұйымдарын жасаумен айналысады екен. Қыз жасауына ерекше мән беретін маңғыстаулықтардың мұндай бұйымдарға сұранысы жоғары. Бұл туралы бүгін Ақтауда өткен кәсіпкерлер көрмесінде айтылды.
Айта кетейік, 2 күн бойы ЕҚЫҰ қолдауымен «Маңғыстау облысы ауылдарындағы кәсіпкер-әйелдер форумы өтті. Форум басталмай тұрып, ауыл-ауылдан келген кәсіпкер ханымдар көрмеде өз кәсіптерін елге таныстырды. Форум аясында кеше Қазақстанның әйел кәсіпкерлері одағы трениг ұйымдастырғанын жазған болатынбыз.
Құрық ауылында құрақ көрпе тігумен айналысып келген Күміс Жаңаева көпшілік тапсырыстар ауылдардан түсетінін айтады. Күміс апай тігін тігумен бала күнінен айналысып келеді екен.
- Шешеміз жастайымыздан көрпе тіккізді. Қолымызға ине ұстатып осы кәсіпке баулыды. Біз отбасымызбен Түркіменстаннан Құрық ауылына көшіп келдік. Негізгі мамандығым – бухгалтер, елге келгелі көрпе-төсек тігіп, шағын кәсіп аштық. 4 қызым да осы бизнеспен айналысады. Қыздарым Астанадан тігін ательесін ашты. Ұлттық киім де тігеміз, көрпе-төсек те жасаймыз, - дейді ол.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтауда салықтың дұрыс түсуін анықтайтын жұмысшы тобы құрылдыКүміс апай тіккен бұйымдар келген жұртшылықтың назарын еріксіз аудартты. Жақында Ақтауға көшіп келген ол ендігі уақытта қалада кәсібін жалғастырмақ. Астананың 20 жылдығына орай өтетін республикалық деңгейдегі көрмеге шақырту алыпты. Мұны естіген Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Аманғалиев Серік Қалешұлы әкімдіктің атынан Астанаға барар жол-пұлы мен тұратын жеріне демеушілік етуге уәде етті.
Бұл көрмеде тұрған көпшілік кәсіпкерлерге қанат бітіргендей болды деп айтсақ артық емес. Өйткені Серік Қалешұлы жаңа бастап жатқан кәсіпкерлерге басқа қалада оқу, семинарлар мен көрме өткізу үшін мемлекет көмектесетінін айтты. Кез келген шағын және орта бизнес өкілдері осы мақсатта ауылдық, аудандық, яки болмаса облыстық әкімдікке хабарласып, көмек сұрауына мүмкіндік бар.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="52330,52324,52331,52327"]