©
Бүгін ЕҚЫҰ қолдауымен «Маңғыстау облысы ауылдарындағы кәсіпкер-әйелдер форумы аяқталды. 2 күн бойы өткен форумның алғашқы күні ауылдағы кәсіпкер ханымдарына тренинг өтуге арналды. Ал екінші күні, яғни бүгін форумға қатысушылар Маңғыстау облысының әйелдері басшылық ететін кәсіпорындарға барып шықты. Осылайша, олар өңірде бизнесті жүргізу кезіндегі негізгі сын-қатерлерді талқылады.
Бұдан бөлек, Caspian Riviera қонақүйінде кәсіпкерлер көрме ұйымдастырып, форумның жабылуына қатысты. Форумда алғаш сөз алған ҚР Парламент Мәжілісі депутаты Меруерт Қазбекова қыз-келіншектер үшін шағын кәсіп бастаудың мүмкіндіктері туралы айтты.
- Қазақстанның әр өңірі жаппай кәсіпкерлікті дамытуы қажет. Бұл еліміз үшін маңызды мақсат. Біз әйелдер кәсіпкерлігін дамыту арқылы осы мақсатқа қол жеткізе аламыз. Адамдарды жұмысқа тартып, олардың жеке кәсібін бастауына, жаңа мамандықтардың ашылуына жағдай жасай отырып, біз бұл жиынның маңыздылығын айтқымыз келеді, - дейді депутат Меруерт Қазбекова.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ғ.Ниязов: Ақтаудағы 120 көгалдандырушы қайта жұмысқа қабылданады (ВИДЕО)Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Аманғалиев Серік Қалешұлы:
- Мен де ауыл баласымын. Ауылдан келіп отырған ақжаулықты апаларымыз бен қарагөз қарындастарыммен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Ошақ қасында жүрген қыз-келіншектерге отбасы ұйытқысы болып қана қоймай, кәсібін бастап, көпшілікті жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етіп отыру оңай емес. Сол себепті нәзік жандыларға қай жағынан да көмек көрсету қажет. Егер де кәсіпкер азаматшалар Алматы, Астана және өзге де қалаларға оқу, семинар, көрме өткізуге баратын болса, әкімдік қолдау көрсетуге әрқашан дайын. Алдымен ауыл және аудан әкімдігінің қолдауына жүгінесіз, егер олар қарастыра алмаса, облысқа, яғни бізге келіңіз. Ал ауылдарда "жарық, жылуға рұқсат жоқ, жер бермей отыр" деген мәселелер өте ұсақ-түйек кедергілер деп білемін, мұның шешу жолдары оңай. Сіздер мұндай мәселелер үшін ауыл, аудан әкімдігіне арыз жазып, апталап күтудің қажеті жоқ. Бірден мәселелерін шешім беруге міндеттіміз. Өз басым кәсіпкер азаматшаларға қандай да бір көмек көрсетуге дайынмын, - деді.
Айта кетейік, бұл іс-шара қабылдаушы елдегі гендерлік ұстанымды ілгерілету және экономикалық мүмкіндіктерді кеңейтуге бағытталған.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="52331,52330,52327,52326,52325,52324,52323,52322"]