Ел болашағы жастардың білім алуына, алдыңғы қатарлы мемлекеттердің озық тәжірибелерін оқу үрдісіне енгізу бағытында атқарылуға тиіс жұмыстар Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында тізбектеліп айтылған. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасын қолға алуды тапсырды.
Гуманитарлық бағыт бойынша әлемдегі таңдаулы жүз оқулықты түрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасау - алдағы бірнеше жылдың еншісіндегі мақсат-міндет болып табылады. Жобаның ұтымды тұстарын маңғыстаулықтар да қолдауда. Білім саласындағы бәсекеге бейімделген мамандарды даярлау-келешек ұрпаққа жасалатын оң бастама. Сол себепті дүниежүзінің үздік 100 оқулығын ана тіліміз қазақ тілінде сөйлету болашақ ұрпаққа жасалатын құптарлық іс. Аталған жоба үшін мемлекет тарапынан көптеген мүмкіндіктер жасалып, жобаның іске асуына көмектесуде. Уақыт өте келе бағдарлама өз жемісін берері анық. Аударылған үздік 100 оқулықпен алдағы уақытта студенттерді оқыту жоспарлануда. Бұл бастаманы қолға ала отырып, жастардың гуманитарлық салаға деген ынтасы арта түсері анық. Аталған бағдарламаны жүзеге асыру оны көпшілікке таныстыру мақсатында өңірде басқосулар, дөңгелек үстелдер, кездесулер өткізіліп жатыр.
Осы орайда Маңғыстау гуманитарлық-техникалық университетінде «Гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты шара өтті. Басқосуға этно-мәдени бірлестігінің өкілдері, ұстаздар, студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.
Басқосуда этно-мәдени бірлестігінің өкілдері жобаның мән-мағынасын талдады. Олардың ұлты татар, әзірбайжан бола тұра қазақ тілінде баяндама жасап, студенттерді сүйсіндірді. Сондай-ақ ұлт басшысының әлемдік деңгейдегі оқулықтарды аудартып, оны білім бағдарламасына енгізу оң бастама екенін және жобаны оны көпшілік қолдайтынын сөз етті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Қоғамдық келісім» Қошқар-ата кесенесі маңын қоқыстан тазартты- Біз көпұлтты республикамыз. Елімізде түрлі ұлт өкілдері еңбек етуде. Біз бүгін сіздермен «Гуманитарлық білім. 100 жаңа оқулық» жобасын талқылауға бас қосып отырмыз. Жобаның берері мол екеніне сеніміміз зор. Тәуелсіз елдің жастарының болашағы жарқын болуына жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл дегеніміз еліміз алға жылжып, бәсекеге қабілеттілігі артып келеді деген сөз. Аударылған кітаптарды оқып, біліммен сусындаңыздар, - деді Әзірбайжан этно-мәдени орталығының өкілі Рафига Исмаиловна.
Татар этно-мәдени өкілі Фандаль Сахибгареев те жоба жайында жастарға баяндама жасап, еркін әңгіме өрбітті. Ел татулығы, бірлігі мен тұтастығының маңыздылығын да айтты. Басқосу соңында студенттер тарапынан сұрақтар қойылып, жауаптар берілді. Сондай-ақ жастар өз ойларын айтып, жобаны қолдайтындарын жеткізді. Қазақ тіліне тәржімаланған кітаптар жастар парасатының қалыптасуына жол ашатынына сеніміміз зор.
Зухра ӘБДІЛ-САТТАР