©
12 сәуір күні Ақтау қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының ұйымдастыруымен Нұртас Оңдасынов атындағы № 5 орта мектепте ағылшын тілі пәні бойынша коммуникативті оқыту әдісін үйрету курсын аяқтап, емтиханды табысты тапсырған мұғалімдерге халықаралық ТКТ: CLIL сертификатын табыстау рәсімі өтті.
Қазақстанда үштілділік саясатты іске асыруда мұғалімдер қауымын тілге оқыту арқылы олардың оқушыларда қажетті тілдік дағдыларды үйретуін қамтамасыз етілуі көзделді. Қазақстан Республикасында орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде «Тілдік құзыреттілік» педагог кадрлардың біліктілігін арттыру курстары өткізілген болатын. Бұл курстар ағылшын тілі пәні мұғалімдерінің тапсырған тест қортындысы бойынша деңгейлерге бөлініп 3,4,5 ай оқытылды, курсты жүргізген Caspian Training Group орталығы тренерлері. Курсқа Ақтау қаласынан – 37, Мұнайлы ауданынан – 30, Маңғыстау ауданынан - 6, Бейнеу ауданынан – 6, Қарақия ауданынан – 7, Жаңаөзен қаласынан – 10, Түпқараған ауданынан – 9 ағылшын тілі пәнінің мұғалімдері қатысты. Курс кезінде мұғалімдер ағылшын тілін жетілдіріп қана қоймай, CLIL бағдарламасын, оқыту әдістемесімен, ағылшын тілі сабақтарын, кіріктірілген сабақ өткізу әдістемесімен сабақ жоспарларын құруды үйренді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтаудағы жер учаскелерінің 95%-ы электрондық картаға енгізілген
Оқу соңында емтихан нәтижесі бойынша TKT CLIL бастапқы шектеулі деңгейді 2 мұғалім, базалық және жүйеленген білімін, яғни орта деңгейді көрсеткен мұғалімдер саны 54,терең білім мен дағдыларға ие болған мұғалімдер саны 45, оқу соңында өте жоғары көрсеткіш көрсеткендердің саны 4 болды.
Шараға Маңғыстау облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева, Ақтау қаласындағы Педагогикалық шеберлік орталығы филиалының директоры Қатира Боранбаева, Caspian Training Group өкілі Антонина Давыдова қатысты.
Сертификатқа ие болған мұғалімдер атынан Мұхтар Әуезов атындағы № 20 мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Раушан Әзірбайжанқызы Қонарбаева сөз алып:
- Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында «Үш тұғырлы тілді білу – баянды болашақтың кепілі» деген болатын. Осы мақсатта орта білім беру мазмұнын жаңарту шеңберінде 2017 жылдың қыркүйек пен желтоқсан айларының аралығында облыстың ағылшын тілі пәнінің мұғалімдеріне арналған біліктілік курсы ұйымдастырылды. Аталған курстан жаңа идеялар, үш тілді білім беру бағдарламасының әдіс-тәсілдерін үйрендік, - деген пікірін үш тілде жеткізді.
Үміт ЖӘЛЕКЕ