Өткен аптада Жаңаөзен қаласында гемодиализ орталығы ашылды. Салтанатты шараға Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сакиевпен бірге облыстық денсаулық сақтау басқарма қызметкерлері, қала активі және қаламыздың медицина қызметкерлері қатысты.
Орталықтың ашылу салтанатынан бұрын Руслан Сакиев бастаған делегация жуырда жөндеу жұмыстары аяқталған «Жаңаөзен қалалық балалар ауруханасы» ғимаратын аралап көрді. Аурухананың бас дәрігері Жаңабай Оңайбаев орталық жұмысымен таныстырып, алда «Балалар хирургиясы», «Балалар травматологиясы», «Неврология» бөлімдерінің ашылатынын жеткізді. Гемодиализ орталығының ашылуы Астана қаласы «Эндохирургия клиникасы» ЖШС-мен «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік» арқылы жүзеге асырылды. Алғашқы сөз кезегін алған Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сакиев облыс бойынша «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік» арқылы салынған жалғыз нысанның болашақта тек бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратын науқастарды ғана қамтымай, орталықты кеңейту жоспарланғандығын жеткізді.
- Жоба мемлекеттік - жекешелік әріптестікті жүзеге асыру бағытында ашылды. Яғни, Жаңаөзен қалалық әкімдігінен аталған ғимаратты жалға алдық. Орталықтың ішіндегі барлық құрал-жабдық Германиядан әкелінген. Жөндеу жұмыстарына 1 жылдан астам уақыт және 51 млн. тг. жуық қаражат жұмсалды. Басты мақсатымыз - Жаңаөзен қаласында бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратын науқастарға сапалы қызмет көрсету және жергілікті дәрігерлермен тәжірибе алмасу. Қазір Қазақстанда бүйрек трансплантологиясы жақсы дамып келе жатыр. Бұл ретте орталықта емделіп жатырған жаңаөзендік науқастарды да кезекке қойып, Астанаға шақырып отырмыз, - деді Астана қаласы «Эндохирургия клиникасы» ЖШС бас директоры Салтанат Дженалаева.
Орталық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін арнайы 1 айға Астана қаласынан жоғары санатты дәрігерлер мен медбикелер шақыртылды. Сонымен қатар, жергілікті мамандарды астаналық әріптестерімен тәжірбе алмасу мақсатында Елордаға жіберіп отыру жоспарлануда.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Бейнеуге енді автобуспен барамыз!- Созылмалы бүйрек ауруы бар науқастарды емдеу мақсатында келдік. Жоспар бойынша 1 ай боламыз деп отырмыз. Жұмыс барысын үйретіп, түсіндіріп, жергілікті мамандармен тәжірибе алмасамыз, - деді Астана қаласы «Эндохирургия клиникасы» ЖШС-ның бас маманы Қанат Аушакимов.
Гемодиализ залы заманауи құралдармен, аппараттармен жабдықталған. Орталықта созылмалы бүйрек ауруларынан зардап шегетіндерге жоғары білікті көмек көрсетілмек.
Айжан НАСЫРОВА