Бүгін Ақтау қаласының әкімі Ғалымжан Ниязов қаланың 55 жылдық мерейтойы қарсаңында оны жаңғырту тұжырымдамасын таныстырды. Таныстырылымға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, жергілікті кәсіпкерлер мен мемлекеттік басқарма басшылары, депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысты. Қала қонақтарының шаһармен танысуы әуежайдан басталатыны белгілі. Осы ретте Ғалымжан Ниязов жиналғандардың назарына әуежайдан қалаға дейінгі аралықты безендіру жолдарын ұсынды. Шаһар басшысының айтуынша, қалаға кіргендегі алғашқы ғимараттардың бірі "Достық үйінің" маңынан бастап Президент резиденциясына дейін биіктігі 1,5-2,5 метрлік ағаштар, татар үйеңкісі, қылқан жапырақтылар, айлант сияқты 11 700 ағаш және 350 мың дана көп жылдық стахис, лаванда, непета, форзиция өсімдік гүлдері отырғызылмақ. "Қалаға ағаш пен гүлдің жаңа түрлерін отырғызу керек", - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="51891,51890,51889"] Сонымен қатар, қала шаруашылығын жаңғырту тұжырымдамасында әуежайдан бастап қаланың ішіне (Ренессанс, Холидей-ин және Каспиан ривьера қонақүйлеріне) дейінгі 80 шақырым жолды жаңарту көзделген. Бұған 1 млрд 237 млн теңге бөлу жоспарланған. Жиында шілде айына дейін қала жолдарындағы жарықтар мен сызаттар бітеліп, жаңғыртылатыны айтылды. Бұл 4-5 жылға дейін қала жолдарына жөндеу жүргізбеуге мүмкіндік береді. Жолдың жайлы болуымен бірге қаланың көз тартарлық әдемі болуы да маңызды. Осы ретте Ақтау қаласының әкімі әуежайдан қалаға кіргенде жол бойында орналасқан 87 үйді кәсіпкерлердің көмегімен бояу көзделгенін айтты. Сондай-ақ қала басшысы Ғалымжан Ниязов әуежайдан қалаға дейінгі және қала ішіндегі 6 мыңға жуық жарық шамдарын 70 пайызға дейін энергия үнемдеуге мүмкіндік беретін шамдармен ауыстыру көзделгенін атап өтті. Былтыр 2033 жарық шамы ауыстырылған. Естеріңізге сала кетейік, өлкеде күн және жел энергия стансасын салу бойынша үш жоба қолға алынған болатын. Жиында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Сапар Аманбеков алғашқы жел электр стансасының биыл мамыр айының соңына таман қосылатынын айтты. Бұл қуаттылығы 5 Мвт жел диірменіне 870 млн.теңге қарастырылған, іске асырушы мердігер мекеме - «Best group NS» ЖШС. Ақтау - Қазақстанның теңіз жағасында орналасқан бірден-бір қаласы. Сондықтан қала тұрғындары мен қонақтарына серуендеуге ыңғайлы ету үшін 15 шағынауданның 10 үйінен бастап «Самал» шағынауданына дейінгі жағалауды абаттандыру жұмыстары басталған болатын. Жұмысты міндетіне алған кәсіпкер 4 айдың ішінде бітіруге уәде етті. Ақтау қаласының әкімдігі бұған дейін қолға алған жобаның бірі - "Жартастағы соқпақ" ("Скальная тропа") жобасы еді. Жағалауда демалып, теңізді жақыннан көруге мүмкіндік беретін ұзындығы 1450 метр соқпақ жолдың жобасына мамыр айында мемлекеттік сараптама қорытындысы беріледі. Бұған қоса қала әкімі Ғалымжан Ниязов 14-15 шағынаудандағы теңіз жағалауына биіктігі 11 метрлік 100 дана жасанды пальма отырғызуды да ұсынды. [gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="51892,51893"] Қаланың сәнін аша түсу мақсатында спорттық алаңшаларын жөндеп, аядамалар мен жеміс сататын орындарды бірыңғай эксизбен жасау мәселесі де көтерілді. "Қалада жеміс-көкөніс, бақша өнімдерін сататын 97, жүгері, балмұздақ, сусындар сататын 42 сауда орыны бар. Орындары белгіленген, бірақ көпшілігі ағаштан жасап қояды. Соның барлығын бір эскизбен жасау туралы ескерттік", - деді Ғалымжан Ниязов. Қала әкімінің айтуынша, Ақтауда 121 аялдаманың 65-і жаңғыртуды талап етсе, жөнделуі тиіс 64 спорттық алаңша бар. Бұларды кәсіпкерлердің көмегімен жөндеу көзделген. "Шетелдің тәжірибесінде орындықтарды, скверлерді жасатқан адамның атын жазып қояды. Сол тәжірибені қолданып, қаланың көркеюіне үлес қосқан азаматтардың аты-жөнін неге жазып қоймасқа?!" - деп ұсыныс тастады Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов. Жиында қаланы көркейту мен безендіру бойынша өз ұсыныстарынМаңғыстау облысының интерьер дизайнерлері мен декораторлары қауымдастығының президенті Сәуле Салихова да жеткізді. Ол үйлердің сыртқы бетіне өңірдің тарихынан, дәстүрінен сыр шертететін 3d суреттер, білімге, оқуға, спортқа шақыратын, қаланың теңіз жағасында тұрғанын білдіретін суреттер салуды ұсынды.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН,
Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="51895,51903,51897,51894,51896"]