Маңғыстау облысында орталық мешіт ашылған 2003 жылы Серік Хантөреев жап-жас жігіт болатын. Қолды-аяққа тұрмай, зыр жүгіріп, мешіттің барлық шаруашылық ісін ыждағатпен атқаратын, көп сөйлемей, тұйық көрінетін бұл жігіт жұмыс десе, құлшынып кететін. Одан бері он бес жыл өтіпті.
Өзі өңіріміздің бас мешітінде жұмыс істегенімен, Басқұдық ауылында мешіт жоқ. Бұл Алланың хақ жолына түсіп, бес уақыт намаз оқитындарға қиын түскен-ді. Әсіресе, жұма намазы кезінде әркім өзіне ыңғайлы жердегі мешіттерге кететін. Ауылдастарының басындағы осы жағдайды ойлағанда Серіктің жадына тұрғын үй тұрғызу үшін алған өзінің жер телімі түсті. Содан тез шешім қабылдап, осы жерде баспана емес, мешіт салуды ұйғарды. Сол күннен бастап ол жарғақ құлағы жастыққа тимей, жерді рәсімдеу, мешіттің жобасы, құрылысы сияқты толып жатқан шаруалармен айналыса бастады. Серіктің халқы үшін қолға алған сауапты ісіне бүкіл жамағат жұмыла кірісті. Әрқайсысы қолынан келген жұмысын атқарып, барынша қолдады.
Көптің көмегімен көк күмбезі көкке көтерілген Алланың жердегі үйіне Төлей ишан есімі берілді. Бұл мешіт—құрылғанына 10 жыл толған жас ауданда ашылған бесінші мешіт. Енді сәл шегініс жасап, жаңа ғибадат үйінің атауына айналған Төлей ишан туралы қысқаша мағлұмат бере кетсек.
ХІ ғасырдың 60-жылдарынан ХVІІ ғасырға дейін араб, парсы елдерінен келген атақты ғұламалар Орта Азияға ойыса бастады. Орта ғасырлардағы Ислам мәдениетінің самсаған жұлдыздарын тоғыстырған Самарқанд пен Бұқара болды. Бұқара шәріптен оқу бұйырғандардың бірегей—Төлей Құдайбергенұлы болатын. Төлей Адай-Тобыш-Бегейден тарайды. Ақкетікте шамамен 1847 жылы туған. 1878 жылдың күз айында Машайықтың басқан жері Маңғыстауда елге сауаттан сауап, сауаптан саумал ішкізген медресе, мешіттер ашылады. Маңғыстау болыстары оқу орындарын медресе және мектеп деп, екіге бөлген. Медресе—жылжымайтын тас ғимарат, ал мектеп—көшпелі киіз үй. 1886 жылы Маңғыстау уезінде 22 мешіт медресе бар делінген деректерде. Ал патша шенеуніктері бұдан да көп, жердің шалғайлығынан анық есебін айта алмайтынын мойындаған. Сол 22 мешіт-медеселерде 22 ұстаз, 145 шәкірт, оның 8-і қыз бала болған.
Бұқарадағы 7 жылдық оқуды бітіргесін Төлей ишан Қаражарда 40 балаға арналған мешіт соқтырады. Шәкірттерді таңертеңнен 12-ге дейін, түс қайта 2-ден қас қарайғанша оқытқан. 7 жыл білім берген. Шәкірттерінің арасынан білімді азаматтар шығады. Мысалы, 1878 жылы туған Бегей Рахматулла ахун 8 жасынан Бұқара медресесіне түсіп, 16 жасында бітіреді де, Қаражардағы Төлей ишан мешітіне ұстаз болып келеді. Шәкірт оқытатын ұстаз да ізденісте болады. Ізденістен іркілмеген Рахматулла «Ахун» деген діни дәрежеге жеткен.
Бұқараның үздік шатырхатын алған Төлей Құдайбергенұлы мешіт маңынан құдық қазып, биіктеу жерге егін суаратын су қоймасын орнатады. Сол қоймаға суды шәкірттер 3 күн тасып, толтырады екен. Қияр, қызанақ, қауын-қарбыз егіп, жүзім сияқты жеміс ағаштарын отырғызып, ұстаздар мен шәкірттерді көкке тойғызып, әрі балаларды еңбекке баулиды екен. Егін су қоймасының астындағы кішкене тесігінен суарылады. Егінді жер жеткенше, елін ер жеткенше суарған Төлей ишанның су қоймасы, құдығы, мешітінің қабырғалары күні бүгінге дейін сақталған. Жер көкірегін сумен, ел көкірегін біліммен жібіткен оның ағартушылық сауабы—Алладан.
Халқына осылайша пайдасын тигізген Төлей ишан атындағы мешіт жақында жамағатқа берілді. Оның ашылу салтанатына Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораз Астанадан арнайы келді.
Маңғыстау облысы орталық мешітінің азаншысы Али Икрамның Құран оқуынан кейін облыс әкімінің орынбасары Мақсат Сқақов құттықтау сөз сөйлеп, Астанада іссапарда жүрген облыс әкімі Ералы Тоғжановтың лебізін жеткізді.
- Бүгін Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы үшін үлкен той, - деді ол. - Мешіттің ашылуына дінбасымыз келіп жатыр. Бұл да біздің өңірімізге Алланың берген бір қуанышы десек те болады. Бүгінгі той — Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан игі шара. Біздің халқымыз—қыранды қолға қондырған халық. Рухани жаңғыру болсын, қандай бастама, бағдарлама болсын, оның артында елдің ынтымағы мен бірлігі жатыр. Сондықтан еліміздің ынтымағы арта берсін. Халқымыз, Елбасымыз, аман болсын. Мұнайлыда бой көтерген бесінші мешіттің ішінде тәрбиеленетін иманды ұрпағымыз көбейсін. Қазақтың әр ауылында осындай мешіттер көбейе берсін, осы мешіт осы отырған баршыңыздың ұрпақтарыңыздың игілігіне жарасын.
- Аллаға иман келтіріп, намаз-құлшылығын да, басқа істерін де Алланың разылығы үшін орындаған адамдар қолынан келсе, мешіт салады,-деді бас муфти Серікбай қажы Ораз.-Басымыздан небір нәубеттер өтті. Осы бейбіт күнге де жеттік. Алла тағала да шүкір деген сайын пендесінің нығметін арттыра беретінін қасиетті Құран кәрімде айтып отыр. Шүкір. Ұрпағымыз аман-есен өсіп жатыр. Елдің бар игілігін пайдаланып жатыр. Енді не керек оларға? Елге не керек? Әрине, ынтымақ пен бірлік керек. Ынтымағы мен бірлігі жарасқан елдің алмайтын асуы, шықпайтын белесі болмайды. Бабаларымыздың «бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай» деген ынтымақ-бірлігі бұзылмауы керек. Ойымызда тек жақсылық болуы керек. Алла Елшісінен (с.ғ.с.) «шынайы мұсылман кім?» деп сұраған екен. Сонда Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «кімнің тілі мен қолынан ешкім зиян көрмесе, сол шынайы мұсылман» деген еді. Өзіне жақсы көргенге өзгелер де лайықты деп білген, елдің, болашақтың қамын ойлаған адам шынайы мұсылман.
С.Ораз жиналған жамағатқа мешіттің бас имамы Ғабит Үсеновті таныстырды. Бұған дейін осы ауданның «Ар-Рахман» мешітінде найб имам болып қызмет атқарған Ғабит Әбдіғапарұлының өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарарына сенім білдірді.
Құттықтау тілектер айтылып, имандылық үйіне арнаған сый-сипаттар тапсырылған соң таспа қию рәсімі орындалып, жұрт мешітке кірді, сәлем намазын оқыды.
Қырық мыңдай тұрғыны бар Басқұдық ауылында ашылған осынау мешіт 500 адамға арналған. Әйелдер бөлмесі де бар. Жанында сауат ашу курсының екі қабатты ғимараты бітіп тұр.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Журналистерге құрмет көрсетті- Сауат ашу курсын жақында ашамыз деп отырмыз. Ол да заман талабына сай. Кітапханасы, кең залы, оқу бөлмелері бар. Мешіт дегеніміз жеке бір тұлғаның үйі емес, халық құлшылық жасайтын имандылық үйі, мұқтаж міскіндерге қол ұшын созатын, 7 жастан 70 жасқа дейінгі тұрғындардың сауатын ашып, Алланың кәләмі Құранды үйрететін, жамандықтан тыйып, жақсылыққа шақыратын қасиетті орындардың бірі. Сондлықтан алдымызда қойылған міндет көп. Солардың бастысы — жат ағымдармен жұмыс істеу. Уағыз-насихат айтып, сауат ашумен де айналысу да тікелей міндетіміз,-деді Ғабит Үсенов.
Әлбетте, әлемдегі ең таза жер—мешіт десек, ата-бабаларымыз нәр алып, бүгінге дейін жеткізген шексіз білім тұңғиығына еніп, имани-адами болмысты қалыптастыратын жаңа ғибадат үйінің ашылуына арналған салтанатты шара алты қанат ақ үйлерде жайылған ақ дастархан басында жалғасып, палуан жігіттер бақтарын сынады. Күші басым түкен жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА