Маңғыстау өңіріне іссапармен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Бірғаным Әйтімова мен Бақтыбай Шелпеков Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік және технология университетінің профессор-оқытушылар құрамымен және студенттерімен кездесті.
Кездесу барысында сенаторлар еліміздің әлеуметтік жағдайын, халықтың тұрмысын жақсартуға серпін берер Президенттің бес әлеуметтік бастамасы – қазақстандықтарға баспана алудың жаңа мүмкіндіктері, жалақысы төмен жұмысшылардың еңбекақысын көбейту үшін олардың салық жүктемесін азайту, шағын несие беруді көбейту, елді газбен қамтамасыз етуді жалғастыру және жастарға сапалы әрі қолжетімді білім беруді арттыру, жатақхана жағдайын жақсарту жөнінде сөз қозғады.
– Наурыз айының басында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуін жариялады. Осыған орай, халық қалаулылары Елбасының үндеуін егжей-тегжейлі түсіндіріп, халық пен жүздесіп, олардың мұң-мұқтажын тыңдап, ой-пікірлеріне құлақ түру үшін өңірлерге жол тартты. Маңғыстау өлкесіне бұл алғаш келуім емес. Содан бергі сапарымнан аймақтың өсіп, дамығанын, жақсы нәтижелерге жеткенін көріп, қуанып отырмын. Алайда жетістіктермен бірге әрбір облыстың олқы тұстары да болатыны жасырын емес. Президентіміз халықтың көкейінде жүрген өзекті мәселелерді ойлап, оны шешу мақсатында маңызы зор, ауқымды әлеуметтік жобаларды жүзеге асырмақ. Оның ішінде – білім саласы да бар. Студент жастардың жоғары оқу орындарында сапалы әрі қолжетімді білім алуы үшін мемлекеттен қосымша гранттар бөлінеді. Бірқатар өңірлерде жастардың көше кезіп, пәтер іздеп жүрмеуі үшін жатақханалар салынбақ. Маңғыстау жастарында бұндай мәселенің жоқтығы қуантады. Өкінішке қарай Алматы, Астана, Шымкент секілді ірі қалаларда көп жастар жатақханаға мұқтаж. Президент осы бастаманы жастар тұрмыстық мәселелермен алаңдамасын, ойлары тек оқумен шектелсін деп көтерген еді. Онымен қоса, тұрғын үйлермен қамту бастамасы қазақстандықтардың, соның ішінде жастарға жақсы жәрдем болатынына сенімдімін. «7-20-25» бағдарламасы жүзеге асырылып, «Нұрлы жер» бағдарламасына қаржы бөлуді ұлғайту да көзделген, - деді депутат Бірғаным Сарықызы.
Оның сөзін қостаған Бақтыбай Шелпеков Президенттің бес әлеуметтік бастамасы, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарларыелімізді жаңа деңгейге көтеріп, әлемнің 30 озат мемлекеттердің қатарына енуге септесетінін атап өтті.
Университеттің ұстаздар қауымы мен студенттері депутаттарға сауалдарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Кәсіпкер болам дегендергеОдан соң сенаторлар Маңғыстау облыстық ауруханасындағы 2012 жылы ашылған «Инсульт орталығына» бас сұғып, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Талғатбек Бапиевпен және орталық дәрігерлерімен кездесті. Онда халық қалаулылары орталықтың техникалық жабдықталуын көріп, дәрігерлер құрамымен танысты.
«Денсаулық сақтау мәселесі – еліміздің көкейтесті мәселелерінің бірі. Отандық медицинаның дамуында кемшіліктер, білікті дәрігерлердің тапшылығы, техникалардың жеткіліксіздігі бар екені жасырын емес. Осыған орай, өңірлерге шыққан депутаттарға облыстың медициналық мекемелеріне арнайы барып, олардың жетістіктерімен, кемшіліктерімен танысу тапсырылды. Біз облыстың басты медициналық орталығы – облыстық аурухананы араладық. Басты назарымыз – «Инсульт орталығына» түсті. Қазіргі таңда белең алып жатқан дертті емдейтін орталық дәрігерлері білікті, техникалары мықты. Алайда мәселелер де жоқ емес. Оның ішінде - кадр жетіспеушілігі.Біз бұл мәселені қарастырып, үкімет басшыларына жеткіземіз»,-деді Б.Әйтімова.
Ханым ҚУАТ Суретті түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ