Бүгін – 2 сәуір бүкіләлемдік аутизм туралы ақпарат тарату күні.
Дүниежүзілік акцияға үн қосу мақсатында Ақтауда Маңғыстау облысының ерікті жастары мен жастар ұйымдарының қатысуымен «Light It Up Blue» (Көк түсті жақ) ұранымен флешмоб өтті. Жастар аутизм мәселесіне халықтың назарын аударту мақсатында теңіз жағалауында көк түсті шарлар ұшырды. Бұл флешмоб 2010-шы жылдан бері әлемнің түкпір-түпкірінде өткізіп келеді. Шарлардың көк түсі аутизм жайында ақпарат тарататын Аutism Speaks қоғамдық ұйымының символикасы ретінде таңдалынған.
«Қазақстанның барлық облыс орталықтарында бір мезгілде, Астана уақытымен сағат 13:00-де аспанға көк түсті шарлар ұшырылды. Бұл акция адамдарға аутизмнің не екенін түсіндіруді, оның белгілерін ертерек анықтау қажеттігі туралы ақпараттандыруды мақсат етеді», – деп атап өтті Маңғыстау облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының орынбасары Мирлан Хажгереев.
2 сәуір аутизм не аутистикалық спектрдің бұзылуы (АСБ) туралы ақпарат таратудың бүкіләлемдік күні ретінде 2007 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен жарияланған. Аутизм балаларда ақыл-естің кеш дамуы, сөйлеуінің кешеуілдеуі түрінде байқалады. Маңғыстау облыстық білім басқармасының мәліметінше, өңірде 4968 мүмкіндігі шектеулі бала бар. Олардың 173-і аутизмге шалдыққан.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН