Жаңаөзен қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы 28 наурыз күні қалалық әкімдікте жергілікті билік, БАҚ өкілдері және қала кәсіпкерлерінің алдында жылдық есебін берді.
Өткен жыл қорытындылап, келер жылға құрылған жоспарларымен бөліспекке мінберге Жаңаөзен қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Жәнібеков көтерілді. Барлық жасалып жатқан жұмыстар Елбасы Жолдауларының, мемлекеттік саясаттың аясында екендігін айта келе, төмендегідей мәліметтер келтірді.
2018 жылдың 1 қаңтары жағдайында қала бойынша барлығы 131 064 салық төлеушілер тіркелген болса, оның ішінде жеке тұлғалар - 129 604, заңды тұлғалар - 1460-ты құрайды. Жеке кәсіпкерлер саны - 6 572. Баяндамашының деректеріне сүйенсек, 2017 жылдың қорытындысы бойынша ҚР ҚМ МКК құзырындағы шоғырландырылған бюджеттің жылдық жоспары 247,7 пайызға орындалған. Бекітілген жоспар 39,2 млрд. теңге болса, нақты түсім 97,1 млрд. теңгені құраған. Бюджетке қосымша резервтерден 790 млн. теңге түскен болса, оның ішінде камералдық бақылау нәтижесі бойынша 732 млн. теңге, өзге бағыттар бойынша 58 млн. теңге түсім түскен.
«Алдымызда тұрған басты міндеттердің бірі - бюджетке түсетін салық және міндетті төлемдер бойынша берешекті азайту. 2018 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Жаңаөзен қаласында негізгі берешек сомасы 276 456 мың теңгені құраған. Соның ішінде жергілікті бюджетке берешегі 67 397 мың теңге. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3 803 мың тенгеге аз, яғни 5,3% төмендеді. Мемлекет басшысының қойып отырған тағы бір ауқымды міндеттерінің бірі - салықтық тексерулерді қысқарту арқылы бизнеске қолайлы жағдай жасау. Бұл бағытта БАҚ арқылы түсініктеме беруден басқа шағын және орта бизнес өкілдерімен әңгімелесу де өз нәтижесін беруде. 2016 жылда Жаңаөзен қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасымен 440 тексеріс жүргізілген болса, 2017 жыл ішінде 178-ге дейін қысқарды», - деді Нұржан Жәнібеков.
Қазіргі таңда Мемлекеттік кірістер басқармасы қызмет сапасын арттыру мақсатында электрондық қызметтердің үлес салмағын арттыру бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша барлығы 50502 салықтық есеп нысандарының 45134-сі, яғни 89,3 пайызы электрондық түрде қабылданған екен.
Баяндамада белгілі болғандай, қаладағы жолаушы тасымалымен айналысып жүрген кәсіпкерлерге жүргізілген талдау нәтижесі бойынша Теңге-Жаңаөзен бағыты бойынша қызмет көрсететін Т.Кийсиковтың, Рахат-Жаңаөзен бағытындағы жеке кәсіпкер Иманбаевтың шағын автобус иелері мемлекеттік кірістер органына тіркелмей, кәсіпкерлікпен заңсыз айналысып отырғандығы анықталған. ЖК Иманбаев 2017 жылдың 1 жарты жылдығына Мемлекеттік кірістер органына бар болғаны 7 мың теңге салық төлеген.
Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласында орналасқан шағын субъектілерге жүргізілген талдау бойынша кейбір салық төлеушілер салық төлеуден жалтару мақсатында салық есептіліктерін нөлдік көрсеткішпен немесе өз мүліктерінің бағалау құндарын өте төмен, яғни нарықтағы бағадан 10-20 есеге төмен бағалап отырғандығы анықталған. «Несіп» балабақшасы, «Ұлжантай» наубайханасы, «Динара» дүкені, «Дастан» мейрамханасы, Рахат шағынауданында орналасқан «Ақ Жан» кафесі, «Ниязбек» кафесі, «Шаңырақ» шағынауданында орналасқан «Әсем» сауда үйі - осындай кәсіпорындарының қатарында. Сондай-ақ «Мұнайлы» шағынауданында орналасқан кейбір тұрғын үйлердің де мемлекетке салық төлемей отырғандығы, кейбір базар иелерінің табыс көзі бар болса да салық декларацияларын нөлдік көрсеткішпен тапсырғандығы әшкере болған.
Осы секілді кемшіліктерді алда болдырмау мақсатында Кірістер бөлімінің қыз- меткерлері жергілікті кәсіпкерлерді бірлесе жұмыс жасауға шақырды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін жекешелендіруден кейін қандай өзгерістер боладыКелтірілген мәліметтерден кейін Нұржан Жәнібеков: «Кемшіліктермен қатар жақсылықты да айтқан дұрыс. Осы орайда біз заңда көрсетілген нормаларды уақытылы орындап, өзгелерге үлгі болып жүрген кәсіпкерлерге алғыс хат беруді жөн санадық», - дей келе, марапаттарды табыстау құрметін қала әкімі Әділбек Дауылбаевқа ұсынды. «Жаңаөзен қаласы 2017 жылдың үздік салық төлеушісі» дипломымен «Kunan Holding» ЖШС-ның директоры Жүсіп Сақып, «Қоғамдық тамақтану орталығы» номинациясы бойынша жеке кәсіпкер Қолдас Нұров және полиграфиялық қызмет көрсету саласы бойынша Ермек Досмағамбетов марапатталды.
- Салық көрсеткіштерін уақытылы тапсырып, кешіктірмей төлейміз. Қазір барлығы оңайлатылған. Есепті үйден шықпай-ақ, электронды түрде тапсыруға болады. Сондықтан әр нәрсені сылтауратып, заңды бұзып, салықтан жалтаруға болмайды. Барлық әріптестерімді адал қызмет етуге шақырамын. Сонда ғана істеген ісіңде береке болады, - дейді «Нұрайса» көтерме сауда үйі және «Мангал» кафесінің иесі жеке кәсіпкер Қолдас Нұров.
Айжан НАСЫРОВА