©
Бүгін, 24 наурыз күні кешкі сағат 20.30-да өңір бойынша жаппай жарық сөндіріледі, - деп хабарлады "Маңғыстау" арнасы.
Осыған орай, Маңғыстау облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы тұрғындардың алаңдамауын сұрайды. Бұл шара халықаралық "Жер сағаты" акциясына орайластырылған.
Естеріңізге сала кетейік, "Жер сағаты" акциясы 2007 жылы Сидней қаласында Австралиядағы WWF Бүкіләлемдік табиғат қорының бастамасымен қолған алынған болатын. Сол кезде акцияны үйі мен жұмысындағы жарықты өшіру арқылы 2 миллионнан астам Сидней тұрғыны мен 2 мыңнан астам компания жұмысшылары қолдаған. Нәтижесінде Сидней қаласы бір сағаттық энергия шығынын 10,2 пайызға қысқартқан.
Акция табиғатты сақтауға, планетадағы шектеулі ресурстарды үнемдеуге бағытталған. Уақыт өте келе акцияға дүниежүзінің 170-тен астам мемлекеті үн қосты. Климаттың өзгеруіне қарсы өткізілетін дүниежүзілік акцияға Қазақстан осымен 10-шы рет қатысып отырса, ақтаулықтар 8-ші рет қолдағалы отыр.
Акция аясында Ақтау қаласында кешкі сағат 20:30-бен 21:30 арасында ғимараттардың сыртқы жарықтары өшірілмек.