©
Баршаңызды тіршілікке нәр, жанға шуақ, көңілге көрік берген көктемнің шырайлы мерекесі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күнімен құттықтаймын!
Өмірдің мәні де, сәні де аналардың мейірім-махаббатынан, бүкіл әлемге жылуын жаяр аялы алақанынан бастау алатыны баршаға белгілі. Адамзат қадір тұтатын Ана – қазақ халқы үшін қашанда ерекше қасиетті, қастерлі ұғым. Өткен тарихымыздың өнегелі жолында ұлтымыздың рухына жалау болған батыр қыздары ұмытылмас айқын із қалдырса, бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жаңа та-рихын жасауда да олардың ерен еңбегі өлшеусіз зор.
Елбасымыздың мемлекетімізді жан-жақты дамытып, әлемдік өркениет көшіне ілестіру жолындағы салиқалы саясатын жүзеге асыру жолында толайым табыстарға қол жеткізген отандастарымыздың ортасын толтырып жүрген аяулы апаларымыз бен қымбатты қыз-келіншектеріміздің орны мен абырой-беделі айрықша. Отбасының берекесі мен мерекесіне айналған жарқын жандарымыз еліміздің, киелі жеріміздің әлеуметтік-экономикалық және руханият салаларын дамытуда ерен еңбегімен танылып, іргелі істер тындырып жүргенін мақтанышпен айта аламыз. Жаһандық жаңарулар мен өзгерістерге бейімделіп, жарқын болашаққа сенімді қадам басқан Қазақстанның ертеңін бейбітшілік бесігінде тербеткен ардақты аналардың даңқы арта берсін!
Төл мереке мерейлеріңізді өсіріп, әр шаңыраққа қуаныш пен шаттық, бақ-береке мен мол табыстар әкелсін!
Маңғыстау облысының әкімі Е.ТОҒЖАНОВ