©
Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Абай атындағы мәдениет кешенінде қыз-келіншектерді 8 наурыз халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, көп балалы 7 анаға «Алтын алқа» және 12 анаға «Күміс алқаны», өңірдің дамуына қосқан үлесі үшін түрлі саладағы 15 қызметкерге облыс әкімінің алғыс хатын табыстады.
«Құрметті ақ жаулықты әжелер! Ардақты аналар! Аяулы қарындастар! Мейірімділік пен ізгіліктің, сұлулық пен жылулықтың мейрамы 8 наурыз әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Қиын-қыстау заманда қайсар рух, ерен ерлік танытқан ардагер-аналарымызға тағзым етеміз! Дүниеге сәби әкеліп, саналы ұрпақ тәрбиелеуде жанкешті еңбек сіңірген ақ жаулықты аналарымызға бас иеміз! Бүгінде облысымызда 17 мыңнан аса көп балалы ана тұрып жатыр. Тәуелсіздік алған күннен бері 6 571 әйел «Алтын алқа» және 7 699 әйел «Күміс алқа» иегері атанды», - деді облыс әкімі Ералы Тоғжанов.
Маңғыстау облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Маңғыстауда туу саны бойынша рекорд жаңғыртқан Маңғыстау ауданы Жыңғылды ауылының тұрғыны Озған Амандықова (79 жаста) 19 нәрестені дүниеге әкеліп, тәрбиелеп өсірген. Қызан ауылында Иба Сәулебаева (78 жаста) 17 баланы дүниеге әкелген. Сондай-ақ ең жас «Алтын алқа» иегері Айман Өтешова (46 жаста) - 11 баланың анасы. Маңғыстау облысы осындай аналардың арқасында Республикадағы демографиялық көрсеткіштер бойынша алдыңғы орында.
Мереке қарсаңында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Ұлы Отан Соғысы жылдарындағы тыл ардагері Сәния Юсупованы мерекемен құттықтап, ерен еңбегі үшін алғысын білдірді. Тыл ардагері 12 жасынан бастап әскери зауытта еңбек етіп, қалған өмірін ұстаздыққа арнаған.
Сондай-ақ Маңғыстау облысының басшысы әйелдер қауымы қызмет ететін "Zhamal-ai LTD" ЖШС ұжымын арнайы құттықтап, фабриканың жұмысымен танысты. Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәліметінше, "Zhamal-ai LTD" ЖШС 15 жылдан астам кәсіби киім мен аяқ киім шығарумен айналысады. Компанияда көп жылдық тәжірибесі бар білікті мамандар жұмыс істейді.
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ