«Вайнах» шешен-ингуш мәдени орталығының төрағасы Могомед Лорсанов осылай деп тебіренді...
ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Батыс» өңірлік басқармасында "Халық келісімі" қоғамдық бірлестігі этно-мәдени орталықтары өкілдерінің, әскери бөлімдері командирлері мен жауынгерлердің қатысуымен «Алғыс айту күні» мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.
Ұйымдастырылып отырған іс-шараға облысымыздағы этно-мәдени орталықтары тыңғылықты дайындалғанының куәсі болдық. Әр халықтың ұлттық киімдерін тамашалап, тағам түрлерінен дәм татып, мәз-майрам болған көпшіліктің әңгіме тақырыбы - өткен ғасырдың 30-40 жылдарғы қуған-сүргін. Сталин режимі кезінде жер аударылып келген, ашқұрсақ, баспанасыз, жыртық киім, жетім көңіл халықтарға бүтін нанды бөліп, жарты нанды жарып берген, төрінен орын ұсынып, бауырына басқан, қамқорлығын аямаған, мейірімін төккен, хошпейіл, молқұшақ қазақ халқына деген ризашылық пен сүйіспеншілік дәл қазіргі жайдары көңіл-күйден ғана емес, шынайы тебіреніс, толғаныстан, сол бір ауыртпалығы зілбатпан күндердің өзінен шырайлы сәттердің көрінісін сыр қылып шерткен әңгімелерден де айқын аңғарылғандай. Вагондарға тиеп, қақаған аязда қазақ ауылдарына тастап кеткен шешен, ингуш, неміс, қарашай, басқа да халықтардың өкілдерін қолындағы барын бөлісіп, ыстық құшағын ашып, өлтірмей аман алып қалған да қазақтар еді.
- Ақмола облысында 1951 жылы шағын ауылда дүниеге келдім. Екі айымда анам қатты ауырып, мені көрші қазақ апа өзінің екі айлық қызымен бірге емізіп, өсіріпті. Нан-сүтін бөліп берген, алдымызға мал салған мейірімді жандар жайлы әңгімелер құлағымда қалды. Сол ауылда әкем бейіті бар, барып тұрамыз. Біздің аталарымыз қазақтардан көрген жақсылықты жыр қылып айтып, санамызға сіңіріп кетті, - дейді «Вайнах» шешен-ингуш этно-мәдени орталығының төрағасы Магомед Лорсанов. Жүзінде толғаныс толқыны...
- Ұлтым неміс. Ақтөбе облысының тумасымын. Бала кезден шекарашы болуды армандайтын едім. Қазір Отан алдындағы әскери міндетімді өтеп жатырмын. Кейін келісімшартпен жұмыс істеп, әскери қызметкер болғым келеді. Бүгінгі «Алғыс айту күні» мерекесінде оқытып, тәрбиелеген анама, ауылдағы бірге ойнап, өскен қазақ достарыма , әскери бөлімдегі басшыларыма алғыс айтқым келеді, - деп жауынгер Алексей әңгімеге араласты.
... Асыға күткен салтанатты сәт те басталды. Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды. Алғашқы сөз кезегі Қазақстан Халқы ассамблеясы облыстық хатшылығының меңгеушісі Гүлжан Исмурзинаға берілді.
- Алғыс айту күні – елімізде тыныштық пен бауырмалдық, өзара сыйластық пен барлық қазақстандықтарға деген құрметтің орнығуына негіз болған Елбасының бейбітшілік пен келісім саясатының салтанатты күні. Бұл – тағдыр тәлкегімен Қазақстанға еріксіз көшірілген түрлі этностардың мыңдаған өкілдерінің құтты қонысына айналған қасиетті қазақ жері мен мейірман, қонақжай қазақ халқына деген терең тағзымның белгісі. 2015 жылдың сәуір айында Қазақстан Халқы Ассамблеясының «Мәңгілік Ел: бір ел - бір тағдыр» тақырыбымен басталған ХХІІ сессиясының ашылуы салтанатында Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан Халқы ассамблеясы құрылған күн - 1 наурызды жыл сайын барлық этностардың бір-біріне және оларды туғанындай қабылдаған қазақтарға алғыс айту күні ретінде атап өту әділетті болар еді. Бұл күн бізді бұрынғыдан да жақындастыра түсіп, мейірімділіктің, бүкіл қазақстандықтардың бір-біріне деген достығы мен бауырмалдығының жарқын көрінісі бола алар еді» деген болатын. Елімізде бақытты, бейбітшілікте өмір сүріп жатқанымыз үшін әрқайысымыз бір-бірімізге деген жылы ықыласымызды, алғысымызды білдірейік. Қазақстанымыздың мәртебесі арта берсін! - деді Гүлжан Мақсұтқызы.
Көпшілікті дағыстан, корей, шешен-ингуш, белорус, украин этно-мәдени орталықтарының төрағалары құттықтады. "Халық келісімі" қоғамдық бірлестігі жанынан құрылған өнерпаздар, желкілдеп өсіп келе жатқан бүлдіршіндер әуелете ән шырқап, мың бұрала би билеп, салтанат ажарын аша түсті.
Іс-шараны ұйымдастырған ҚР ҰҚК Шекара қызметі «Батыс» өңірлік басқармасының бастығы, полковник Тимур Қайырбек әскери бөліммен тығыз байланыстағы этно-мәдени орталықтары басшыларына алғыс хат табыстап, ризашылығын жеткізді. Салтанатқа қатысқан қонақтар да жылы қабақ танытып, бір-біріне деген «рахметін» айтып жатты. Әріптесім Маринаға мен де мақалаларымды оқып, жақсы жақтарын айтып жүретін, газетіміздегі жаңалық, жетістіктерге қуанатын елгезектігі, кіршікісіз көңілі үшін алғысымды білдірдім...
Болат ҮМБЕТОВ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="49238,49239,49240,49241,49242,49237,49236"]